Жәннатқа бұ дүниеде жүріп-ақ құрма егудің жолы
Жәннатқа бұ дүниеде жүріп-ақ құрма егудің жолы

Алланы зікір ету – ең ұлы ғибадат (‘Анкабут сүресі, 45-аят). Себебі, зікір – азаптан құтқаратын бір құлшылық (Жұма сүресі, 10-аят). Ең кереметі зікірмен сен қашан Алланың сені еске алатынын біле аласың. Өйткені, Алла Тағаланың өзі мұны Құранда білдірген. «Мені зікір етіңдер, мен де сендерді еске алайын» дейді Алла Тағала «Бақара» сүресінің 152-аятында. Сен зікір етіп отырсың ба, Алла да сені еске алуда деген сөз. Айтыңызшы, қандай керемет құлшылық, ә?! Ендеше күн тәртібіміздің бір уақытын зікірге арнасақ, нұр үстіне нұр. Тіпті, жұмысқа бара жатсақ та, аялдамада тұрсақ та, қоғамдық көлікте отырсақ та, азғантай бос уақыт таба қалсақ та Алланы зікір етуді әдетке айналдырайықшы, жүрегіңіздің, жүзіңіздің қалай нұрдан жарқырағанын сезінесіз, көресіз.

Олай болса, Пайғамбарымыздың ﷺ үйреткен зікірлерін өздеріңізге аз-аздан ұсынып отыруды жөн көріп отырмын.

Жәннатқа бұ дүниеде жүріп-ақ құрма ағашын отырғызуға болады екен.

Бірде сахаба Әбу Хурайра (р.а.) ағаш отырғызып жатады. Мұны Пайғамбарымыз ﷺ байқап, қасына келіп:

– Ей, Әбу Хурайра, не отырғызып жатырсың? – дейді.

– Өзіме бір ағаш отырғызып жатыр едім, – деп жауап береді Әбу Хурайра. Пайғамбарымыз ﷺ:

– Саған бұдан да қайырлы бір ағаш айтайын ба? – деп сұрайды. Әбу Хурайра да қызыға құлақ түріп:

– Иә, Расулуллаһ ﷺ, айтыңыз, – дейді. Сонда Пайғамбарымыз тұрып ﷺ:

– Субханаллаһи уәлхамдулилләһи уә лә иләһә иллә Аллаһу уаллаһу әкбар деп айт. Бұл сөздің әрбіреуі үшін Жәннатта бір құрма ағашы отырғызылады, – деп жауап береді (Ибн Мәжә).

Пайғамбарымыз ﷺ бұл зікір жайлы Миғражда бабасы Ибраһим Пайғамбардан үйреніп келгенін мына бір хадисінен білеміз. Хадис Ибн Мәс’удтан риуаят етілген. «Исра түні Ибраһимге (а.с.) кезіктім. Ол маған: «Уа Мұхаммед ﷺ! Үмбетіңе менен сәлем айт та Жәннаттың топырағы құнарлы, суы тұщы, жері кең әрі теп-тегіс, ағаштары да «субханаллаһи уәлхамдулилләһи уә лә иләһә иллә Аллаһу уаллаһу әкбар» сөзінен тұратынын жеткіз», – деді (Тирмизи).

Осыған ұқсас тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз ﷺ: «Кімде-кім «субхәналлаһи уә бихәмдиһи» дейтін болса, Жәннатта ол үшін бір құрма ағашы отырғызылады», – дейді (Тирмизи, Ибн Мәжә).

Демек, Жәннаттың кең жерін құрма бағына айналдыру өзіміздің қолымызда. Бұл зікірлерді күніне кемі 100 мәрте айтуды бүгіннен бастап әдетке айналдырайық. Ауыр емес қой. Тек мынаны да ескерген жөн. Бұл зікірлер тілмен ғана зыр еткізіп айтып шыға салумен болмайды. Барынша шын жүрекпен, шынайы ықыласпен, мағынасын ұғына айту қажет.

Зікірлер:

 

  • 1. سُبْحانَ اللهِ ، والحمْدُ للَّهِ ، ولا إله إلاَّ اللهُ واللهُ أكْبَرُ

Оқылуы: Субханаллаһи уәлхамдулилләһи уә лә иләһә иллә Аллаһу уаллаһу әкбар

Мағынасы: Алла кемшіліктен пәк, барлық мақтау-мадақ оған ғана тән, Алладан басқа құдай жоқ, Алла ұлық!

  • 2. سُبْحانَ اللهِ وبحَمدِهِ

Оқылуы: Субхәналлаһи уә бихәмдиһи

Мағынасы: Аллаға жараспаған барлық кемшілік сипаттардан Алланы пәктеймін әрі Оған мақтау-мадақ айтамын.

пайғамбар, Алла, құрма, жәннат, зікір
Салтан СайранұлыСалтан Сайранұлы
3 жыл бұрын 3076
2 пікір
  • BQ
    ИнШаАлла, жасаган кулшылыктарымыз, зикирлеримиз кабыл болса екен. Садикке, дурыс айтасыз. Барлыгымыз болмасакта, копшилигимиз сол кулшылыктын лаззатын, "хушух" дарежесине жете алмай журмиз. Тилимиз зикирде, ойымыз айдалада, осы еки нарсенин басын коса алмай журмиз, окинишке орай.
    3 жыл бұрын
Блог туралы
0
136780 163 216 2797 119