КҮҢНІҢ ӘУРЕТІ ҚАЙ ЖЕР ЕКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?..
КҮҢНІҢ ӘУРЕТІ ҚАЙ ЖЕР ЕКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?..

Жаз келді. Бұл маусымда қыс жалаңаштап кеткен қара жерден бастап ағаш біткен түгел жасылға оранып, айналаның әрін, төңіректің сәнін кіргізеді. Өкініштісі, тек адамдар жалаңаштана бастайды. Әйел қауымының басым көпшілігі әуретінің «қайда қалғанын» ұмытып, төбесінен ұрған күннің қызуынан есінен танады. Көбінің әуретті жерлері жұртқа айқара ашылып, әлемге әшкере болады. «Есті қыз етегін жауып жүреді» деген сөз жайына қалады. Себебі, «қызға қырық жерден тыйым» болмай тұр. Етек қысқарып, тізеден жоғары шықты, жаға қысқарып, омырауға түсті. «Адамның көркі – шүберек» деуші еді. Бұл шүберек те «қат болды». Шалбар ышқырға жетпей, кіндік пен қарынды жабар шүберек табылмай тұр. Өкінішті-ақ... Бұл халге қалай жеттік? Қай жерден шалыс бастық? Өзге түгіл жел етегін көтеріп көрмеген қыздарымыздың бүгінгі киім киісі дәстүріміз бен ғұрпымызға да, діліміз бен дінімізге де, әдетіміз бен әдебімізге де жат емес пе? Әрине, жат!

Адам ата мен Хауа анамыздың Жәннаттан шығарылуына не себеп болған еді? Қасиетті Құранда бұл жайлы былай баяндайды: «Алла Тағала Адамға (а.с.): «Әй, Адам! Жұбайың екеуің Жәннатқа жайғасыңдар. Жәннат жемісінен қалағандарыңша жеңдер. Тек мына бір ағашқа жоламаңдар. Әйтпесе, залымдардан боласыңдар!», – деді. Бірақ, шайтан ол екеуінің әурет жерлерін ашып,әшкере ету үшін оларды азғырып: «Раббыларыңның сендерге бұл ағаштың жемісін жеуге тыйым салуы – екеуіңнің періште болып, бұл Жәннатта мәңгі қалып қалмасын дегені», – деп, екеуіне: «Мен екеуіңе шынымен ақыл айтып тұрмын», – деп ант-су ішті. Осылайша ол екеуін алдап, абыройынан айырды. Тыйым салынған ағаш жемісін жегенде ол екеуінің әуретті жерлері ашылып қалды. Олар Жәннаттағы ағаш жапырақтарымен әуретті жерлерін жапқан болды. Алла Тағала: «Мен сендерді ол ағаштан тыймап па едім? Шайтан екеуіңнің көпе-көрнеу дұшпандарың демеп пе едім?», – деп екеуіне дауыстады. Ол екеуі: «Уа, Раббым! Өз-өзімізге зұлымдық еттік. Өзің кешіріп, есіркемесең, сөзсіз зиян тартып, құрығанымыз», – деді. Алла да оларға: «Шайтан және сендер бір-біріңе жау боп жерге түсіңдер. Сендер үшін жер беті белгілі бір мерзімге дейін тұрақ және ырзық болмақ», – деді («Ағраф» сүресі, 19-24-аяттар). Осылайша, адам ұрпағының ендігі мақсаты Қияметке дейін Ібілісті атадан келген жау санап, бұл дүниеде оның сөзіне құлақ түрмей, Алланың әміріне бойұсынып, Адам атаның алғаш табаны тиген Жәннатқа, атамекенге сау-саламат қайту. Ол үшін Адам ата мен Хауа анамыздың Жәннаттан шығуларына себеп болған екі нәрсеге аса мән беру керек. Жәннаттан шығуға себеп болған нәрселер: 1. Алланың әміріне бойұсынбай, тыйым салынған, харам болған жемісті жеуі; 2. Әуретті жерлерінің ашылуы. Ендеше Жәннатқа кірудің жолы – Алланың әміріне бойұсыну, «харам» деп тыйған дүниелерінен бойды аулақ ұстау және әуретті жерлерімізді жабу.

Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімнің Ағраф сүресінде: «Әй адам баласы! Сендерге ұятты жерлеріңді жабатын киім де, сәндік киім де түсірдік. Негізінен тақуалық киімі бұдан да қайырлы. Бұлар Алланың белгілері. Ойланарсыңдар деген үміттеміз» («А’раф» сүресі, 26-аят), – дейді. Өкінішке қарай, қоғамымызда тақуалық киімі сөгістің астында қалып, әуретті жерлерін әшкере еткен киімдер қошеметтелуде. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бүгінгі ашық-шашық, қалай болса солай киінген әйелдерді сынап: «Аллаға бойұсынудан қалған киімі бар жалаңаш әйелдер бар, олар Жәннатқа кіру былай тұрсын, иісін де сезбейді», – дейді (Мүслим, Жәннат 53 (2857), 52 (2128).

Өткенде фықһ кітабын оқып отырсам: «Күңдердің әуретті жерлері еркектікіндей және бұған қоса қарны мен арқасы да әурет болып саналады», – деген сөйлемді көзім шалды. Құдай-ау, сонда бүгінгі күні көше-көшені жартылай жалаңаш күйде кезіп жүрген қыздарымыздың күңнен не айырмашылығы қалды? Адамға күң сатып аларда күңнің кіндігі мен тізесінің арасынан және қарны мен арқасынан басқа барлық жерлеріне қарауға рұқсат. Оның өзінде күңде еркіндік пен ерік болмағандықтан, мәжбүрліктен әуретті жерлерін ашатын болған. Ал біздің қыздарымызды кім мәжбүрлеп жүр екен? Ешкім мәжбүрлеместен, басында бостандығы бола тұра әуретті жерлерін күңнен де бетер ашып тастап жатқанын немен түсіндіруге болады?

Демек, рух нәпсінің күңіне айналған. Нәпсінің айтқанына жүріп, айдағанына көнген соң, ол оның құлақ кесті құлы болғаны. Қожайыны – нәпсі, өзі – күң болған соң, ондай рухқа не шара?..

Ендеше, қазақ қызы, есіңді жи да, бір сілкін! Күңдіктен құтыл! Рухыңды нәпсіңнен азат ет те, асқақтат! 

Адам, рух, ислам, Құран, қыз, дін, пайғамбар, жаз, нәпсі, әурет, хиджап, қыс, ібіліс, Кимешек, Жалаңаш, Күң, Қожайын, Хауа
Салтан СайранұлыСалтан Сайранұлы
2 жыл бұрын 2885
8 пікір
Блог туралы
0
63142 162 215 2736 119