Әбу Ысқақ Ибраһим бин Әдһәм бин Мансур – Бәлх қаласында туған үлкен ғалым, мухаддис, асқан тақуа, мәшһүр сопы. Өлкесіндегі патшаның ұлы болған Ибраһим бин Әдһәм не ішемін, не жеймін демейді, асып-тасқан молшылықта өмір сүріп жатады. Бір күні сауық-сайран құрып, аңшылықта жүргенінде, ғайыптан тайып «Сен бұл үшін жаратылған бе едің?» деген бір дауыс естиді. Бұл дауыс құлағына бірнеше мәрте естіледі. Тағы бір кезінде тақ үстінде ұйықтап жатқан Ибраһим бин Әдһәм шатырдың үстінде біреу жүргенін естіп оянады. Әлгіге:
– Кім ол шатырымның үстінде жүрген? – деп айқайлайды. Ол да:
– Түйемді жоғалтып едім, соны іздеп жүрмін, – деп жауап береді.
– Шатырдан түйе іздей ме екен? – дегенінде, әлгі де оған:
– Алтын тақтың үстінде, атлас шапан ішінде Алланы іздеуің түйені төбеден іздегеннен де таңғаларлық дүние емес пе? – деп жауап береді.
Осы оқиғалардан кейін Ибраһим бин Әдһәм алтын тағын тастап, жайқалған бауы мен бағын тастап, жолда кезіккен қойшыға үстіндегі киімін беріп, оның жыртық шапанын киіп, тақуалық жолына сапар шегеді. Өміріндегі ең ауыр қасіреті де отанын, жылы орнын тәрк етіп кетуі еді. Оны өзі де былай деп жеткізеді: «Қаншама қасірет шектім. Бірақ мұның ешқайсы Отаныңнан айрылғандағы қасіреттей болмады. Нәпсіме қарсы ең үлкен соғыс Отанымнан кеткенімде болды», – дейді.
Сол Ибраһим бин Әдһәмнан Бағдаттан Басраға барғанында айналасына халық қаумалап:
– Ей, Ибраһим! Басымыздан бәле арылмады. Құтыла алар емеспіз. Дұға етеміз, бірақ дұғамыз қабыл болмайды. Не себепті дұғамыз қабыл болмауда? – деп сұрайды. Әулие Ибраһим бұған бірден жауап бермейді де:
– Рұқсат етсеңіздер, араларыңызда біраз уақыт болайын, жағдайыңызбен жақсылап танысайын, бұл сұрақтарыңызға содан соң жауап берейін, – дейді. Осылайша Ибраһим бин Әдһәм халық арасында біраз уақыт қалып, жағдайларын зерттеп көріп, бір мәжілісте сұрақтарына жауап береді.
– Ей, Басра халқы! Жағдайларыңызды зерттедім. Жүректеріңіздің күнәдан өлгенін байқадым. Өлген жүректен дұға қабыл болмайды, – дейді. Сонда халық тұрып:
– Жүрегіміз қандай күнәлардан өлген екен, – деп сұрайды.
Ибраһим бин Әдһәм төмендегі он күнәны санап береді:
- «Алланы таныдық» дейсіңдер, әмірлерін танымайсыңдар.
- Құран Кәрім оқисыңдар, алайда мән-мағынасын ұғына амал етпейсіңдер.
- «Хазіреті Пайғамбарымызды ﷺ сүйеміз» дейсіңдер, бірақ сүннетін сүйетіндеріңді көрсетпейсіңдер.
- «Шайтанға дұшпанбыз» дейсіңдер, бірақ онымен дос болудан бас тартпайсыңдар.
- «Жәннатты сүйеміз» дейсіңдер, алайда оған лайық амалдарың жоқ.
- «Жәһаннамнан қорқамыз» дейсіңдер, бірақ Жәһаннамға сүйрейтін амалдардан бас тартпайсыңдар.
- «Өлім – хақ» дейсіңдер, алайда хақ болған өлімге дайындықтарың жоқ.
- Дін бауырларыңның айыбын көресіңдер, бірақ өз кемшіліктеріңді көретін емессіңдер.
- Алланың сыйлаған нығметін оңды-солды шашасыңдар, бірақ шүкір етпейсіңдер.
- Өлілеріңді көмесіңдер, бірақ бір күні өздеріңнің де көмілетіндеріңді ойламайсыңдар.
Ибраһим бин Әдһәм бұл 10 күнәны санап шыққаннан соң:
– Ей, Басра халқы! Жүректеріңді өлтірген бұл 10 күнәдан бас тартпайынша дұғаларың қабыл болады деп есептемеңдер. Жүректеріңнің қайта тірілгенін қаласаңдар бұл 10 күнәдан құтылуға күш сарп етіңдер. Беталыстарыңды түзетіңдер. Дұғаларыңның қабыл болғанын, бастарың бәледен арылғанын сонда көресіңдер.
Адам баласы дүние жинайды. Алайда Алла жолында жұмсамайды. Зекетін де бермейді. Соңында мирасқорларына тастап кете барады. Басқалары дүниесінің қызығын көріп жатқанда, ол қабірде соның есебін беріп жатады, – дейді.
Міне, Ибраһим бин Әдһәмның бұл алтын үгіттері қашан да болсын баршамызға насихат. Дұғамыздың қабыл болмауын, басымыздан бәле арылмауын осы он мәселеге қарап білуге болады.