XV-XVIII ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларының шығармалары жинақталған «Алдаспан» кітабын қолыма алған сайын осынау ата-баба мұрасын тап-тұйнақтай етіп жинақтап, бізге жеткізіп берген жазушы Мұхтар Мағауинге мың алғыс айтамын. Кітапты күнде болмаса да, аптада кем дегенде бір рет ашып, ішінен бабалар жырын оқып тұрамын. Және де бұдан кәдімгідей бір рухтанып қаламын. Бабаларымыз неткен баһадүр, неткен діндар еді деп бас шайқаймын. Тұнған үгіт-насихат.
Десек те, кейде оқып отырып біршама қателіктерді көзім шалады. Көз жұма қарайын десем, арасында наным-сенім мәселесіне қатысты оқырманды шатастыратындай қателіктер де бар. Сондықтан да, мұны ескермеске болмас дедім. Кітапты қайта басарда бұл қателіктерді де түзете кеткен жөн болар.
Мұндай қателіктердің көбі Шал ақынның жырларында кездеседі. Себебі, Шал ақын кейбір өлең-жырларында арабша сөздер, кейде тіпті сөз тіркестер де қолданады.
Мәселен, ақынның мына өлеңінде Құран аяттарының сөздері де бар:
Лә иләһә ил-Алла – иманыңыз,
Иманыңнан бұйырсын жиғаныңыз,
Алғаныңнан ұл перзент туа қалса,
Қиямет махшарға дейін барғаныңыз,
Алғаныңнан ұл перзент болмай қалса,
Күн фаякүн тұржағұн болғаныңыз.
Мұндағы «лә иләһә ил-Алланы» айтпағанда (кәлима екенін әр қазақ біледі), «күн фаякүн тұржағұн» сөзі Құранның «Ясин» сүресіндегі соңғы екі аяттан алынған сөздер. Аят толықтай былай:
إِنَّمَا أَمْرُهُ إِذَا أَرَادَ شَيْئًا أَن يَقُولَ لَهُ كُن فَيَكُونُ ﴿٨٢﴾ فَسُبْحَانَ الَّذِي بِيَدِهِ مَلَكُوتُ كُلِّ شَيْءٍ وَإِلَيْهِ تُرْجَعُونَ﴿٨٣﴾
(Иннәмә әмруһу из̃ә әрадә шәй-ән әй йәқуулә ләһу кун фәйәкуун (83) Фәсубхәнәл ләз̃ии бийәдиһи мәләкууту кулли шәй-иу уә иләйһи туржәъуун (84))
Мағынасы: «Шын мәнінде Аллаһ бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған "бол" деу ғана, ол да сол сәтте бола қалады. Барлық нәрсенің билігі қолында болған әрі сендер Соған қайтарылатын Аллаһ – кемшіліктен пәк («Ясин» сүресі, 83-84-аяттар)».
Яғни, «егер ұлт перзент болмай қалса, онда Алланың бұйрығы сол, ол нені қаласа, сол болады, соған иман ет те, бойұсын, күпір қылма, өйткені, қайтар жағымыз Алланың құзыры» деп ескертеді Шал ақын өлеңінде. Осы бір өлеңінен-ақ Шал ақынның араб тілінен, дін ілімінен қаншалықты хабардар екенін көреміз. Сондықтан да, ақын өлең-жырларының жинақталып, редакциялану барысында араб тілінің мамандары болмағандықтан, қателіктердің кетуі заңды да.
Сондай қателіктердің бірі мына өлеңінде кездеседі:
Біреуді жақсы демесең,
Біреуді жаман демесең,
Бұл дүниеден өткен соң,
Шын дүниеге жеткен соң,
Көтеріп көрге салған соң,
Көр қараңғы болған соң,
Мүңкір-нәңкір періште
Мен раббың деп тұрған соң,
Кімнің жақсы, жаманын
Бір жаратқан хақ білер.
Бұл жерде Мүңкір-Нәңкір (Мүнкәр мен Нәкир) періштелері қабірге барғанда күтіп алып, сұрақ астына алатын періштелер. Олардың алғашқы сұрағы да «Раббың кім?» болмақ. Арабша бұл сұрақ «Мән Раббук?» (من ربك؟) деп аударылады. Шал ақын да бұл өлеңінде «Раббың кім?» деген сұрақты араб тілінде қолданған. Ал Мұхтар Мағауин ақын өлеңдерін жинақтағанда бұл сөзді «Мен раббың» деген сөзге ұқсатып алса керек. Әйтпесе, Мүңкәр мен Нәкірге «Мен Раббың!» деп айтатындай не көрінді? Сондықтан да, бұл қателікке көз жұма қарауға болмайтын секілді. Себебі, мұндай қателіктер діннен бейхабар оқырманды сенім тұрғысынан шатастыруы мүмкін.
Қалған қателіктер мұншалықты үлкен қателіктер емес, десек те ескере кетуді жөн деп білдім.
Құранда уассамаһи дастан болар,
Бірталай сөйлей берген астам болар,
Аллаға құлшылығы жаққан құлға
Есігі сегіз жұмақ бостан болар, – деп келетін өлеңінде «уассамаһи» сөзі арабшадан тура аударғанда «وَالسَّمَاءِ» деп келіп, «Аспанға серт» деген мағына береді. Бұл Қасиетті Құранның «Тариқ» сүресіндегі бірінші аяттың алғашқы сөзі. Яғни «сәмәә» (سَمَاءٌ) сөзі «аспан» мағынасын береді. Ендеше «Құранда уассамаһи дастан болар» деген өлең жолындағы «дастан» сөзі негізінде «аспан» болуы керек.
Өлеңнің жалғасы:
Құранда уассамаһи уәл арузы,
Алланың фәндасына көп қарызы,
Жігіттер, ораза ұста, намаз оқы,
Ғарасат майданы бар, тергеледі, – деп бітеді. Мұндағы «уассамаһи уал арузы» (والسماء والارض) да «Аспан мен жерге серт» мағынасында келеді. (Бұл жерде тек сөздің мағынасын айта кетейін дедім). Ал ғарасат (عَرَصَةٌ ) пен майданды (مَيْدَانٌ ) Қиямет күні бәріміздің қайта тіріліп, жиналатын алаң екенін бәрі біледі.
Тағы бір өлеңінде:
Зор шайқы ғалым болса халық ішінде,
Болады тағылым алсаң ділдің көркі,
Алланы уағыз тыңдап жадыңа алсаң,
Салауат, қамза, сана діннің көркі, – деп келеді. Мұндағы «салауат, қамза, сана» сөздеріндегі «салауат» Пайғамбарымызға салауат екені түсінікті, ал «қамза» «Аллаға мақтау-мадақ» мағынасында келетін арапша «حَمْدٌ» (хамд) сөзі. Сондықтан да, «қамза» дегеннен гөрі «хамды» дегеніміз түсінікті болар. «Сана» (ثَنَاءٌ) сөзі де «Аллаға мақтау-мадақ айту» мағынасына келеді. Оқыған әрбір бес уақыт намазымыз осы «сана дұғасымен» басталады. Мағынасы: «Уа, Алла тағалам! Сені тәсбих етіп (күллі кемшіліктерден пәк, кемел екендігіңді айтып) пәктеймін. Саған «хамд» айтып мадақтаймын. Сенің көркем есімің аса мүбәрак. Сенің ұлылығың аса жоғары. Сенен басқа ешбір құдай жоқ».
Бұдан басқа кітапта «Ибраһим Халил жасады, Тәңірім үйі кебені» (Бұқар жырау), «Тәңірінің үйі кебені Ибраһим Халилалла жасапты» (Шалкиіз жырау Тіленшіұлы) деген өлең жолдары да кездеседі. Мұндағы «кебе» сөзі қазіргі қолданыстағы «Қағба» сөзі екенін де біле жүргеніңіз артық болмас.
Жазушы Мұхтар Мағауин кітаптың «әуелгі сөзінде»: «Біз «Алдаспан» үшін, бес ғасыр, алты ғасыр мұрасын көтергеніміз үшін атақ алғамыз жоқ, сөгіс қана арқаладық, ақша алғамыз жоқ, шығынға ғана отырдық; ең басты кесел – онсыз да қиын қаламгерлік жолымызда жаңа бөгесіндер өсіп шықты», – дейді. Менің ондай жаман ниет, бөтен ойым жоқ. Менің Мұхтар Мағауин ағама алғыстан басқа ештеңем жоқ. Менікі тек оқырман біле жүрсін деген пікір ғана. Бұл үшін сөгіп, жазғыра көрмеңіздер...
Білімді байқамасаң сүріндірер.
Жаңылыс жазылғандар күйіндірер.
Қазақтың құнды сөзін қарай білген
Нағыз батыр Сайранұлы Салтаным ер...
Бәрекелді Сәке.