ОТТАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАМЫЗ?
ОТТАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАМЫЗ?

Төрт шадиярдың бірі болған, қара қылды жарған әділдігімен танылған Хазіреті Омардың заманында, һижреттің 19-жылында Мәдинаға жақын Харратул-Ләйлә деген жерден өрт шықты. Тілсіз жау айналаның бәрін жалмай өртеп жатты. Жанбаған, жалын шарпымаған жер қалмады. Адамдар да су мен сірке құйып, отты өшірумен әлек. Алайда оттың қарқыны барған сайын өрши түсуде. Ақыры амалы құрыған қала халқы Хазіреті Омарға келіп:

– Уа, Омар! Су отты өшіре алмай жатыр, енді қайттік?», – дейді. Сонда Халифа Омар (р.а.) тұрып:

– Сумен өшпесе, отты садақамен өшіріңдер, – дейді. Омардың (р.а.) кеңесіне құлақ түрген халық тегіс садақа беріп, жарлы-жақыбайды бір жарылқайды. Нәтижесінде от та өшеді.

Бұл жерде от пен садақаның не қатысы бар дерсіз? Су өшірмегенді садақа қайтіп өшіреді деуіңіз де мүмкін. «Хазіреті Омар өрттің садақамен тоқтайтыны қайдан білді?» деген де ой тууы мүмкін. Бізде де мұндай ойлар туғаны рас. Ендеше сіздермен мұның хикметін іздестіріп көрейік.

Бұл жерде өрт – табиғи апаттардың бірі. Су тасқыны да, сел де, қар көшіні де, жер сілкінісі де, бәрі-бәрі осы сыныптан келеді. Мұның бәрін қазақ тілсіз жау дейді. Өйткені, ешқайсы айтып келмейді. Оның мысалын елімізде де талай көрдік. Талай ауылымызды бір сәтте су да басты, бір сәтте сел де басты, бір сәтте өрт те шалды, бір сәтте сілкінуімен жер де алды. Ендеше мұның бәрі Алланың қалауымен ғана болатын құбылыстар, Алланың ауыздықтауымен ғана тоқтайтын апаттар. Демек, халық бұл апаттарға төтеп беру үшін, ең әуелі, мұның Иесіне жалбарыну қажет. Құр жалбарынғанмен іс оңа ма? Ол үшін алғышарт қажет. Ол да – құлшылық. Әуелі Аллаға қарай қадам басасың, сонда ғана Алланың рахметі саған тез жетеді.

Садақа да – құлшылықтың бір түрі. Әрі құлшылықтың ең маңызды мәйегі. Себебі, Ислам – қоғам діні. Ислам жеке бастың діні емес. Садақа, зекеттің хикметі – жарлы-жақыбайды жарылқау, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыру. Ал оразаның хикметі – садақа мен зекет беру үшін күні бойы ас-сусыз ашығып, шөлдеп көріп, аш-жалаңаштың, үйсіз-күйсіздің жағдайын өз басыңнан өткеріп барып түсіну. Адам өзгенің жағдайын өз басына түскенде ғана ойлайды. Басқа уақытта оны ойлауға шамасы жоқ.

Намаз болса, ол да қоғам үшін. Себебі, Алла Тағала айтқандай, «намаз – арсыздық пен жамандықтан тыяды». Әрине, ақысын беріп, ықыласпен оқыған жағдайда ғана. Әйтпесе, талай намаз оқып жүрген жандарды көрдік, арсыздыққа белшесінен батқан. Олардың намазы намаз емес, спорт қана. Ықыласты қылынған құлшылық арсыздықтан, жамандықтан тыяды. Арсыздық пен жамандық тыйылса, қоғамның мәдени деңгейі өседі, қылмыс азаяды, ел арасында берекет пен тыныштық орнайды, әркімнің ұйқысы тыныш, көңілі жай болады. Міне, бұл да қоғам үшін.

Ендеше бұның бәрі сау бір қоғам орнату үшін, кәміл бір қауым жасақтау үшін жасалатын құлшылықтар. Ал қоғамның, қауымның ниеті түзу болса, Алланың да бұл қауымға берер нығметі арта бермек. Ра’д сүресінің 11-аятында Алла Тағала «Қауым өз-өзін өзгертпейінше Алла да оларды өзгертпейді» демей ме? Біз өзіміздің ішкі дүниемізді, мінезімізді, ахлағымызды ізгілікке бұрмайынша, біздің жағдайымызды Алла да, басқа да жақсартпақ емес. Демек, басымызға келетін бәленің бәрі өзімізден екен.

Неге өртпен алысқан халыққа Омар садақа беруді әмір етті. Өйткені, садақа қоғам арасында мейірімділікті оятып, жарлы-жақыбайдың көңілін көтереді. Қоғам тепе-теңдігін табады. Бай байып, кедей кедейленіп кетпейді. Алтын ортасын ұстайды. Кедейлердің байларға деген көзқарасы өзгереді. Арадан кек, өшпенділік, жеккөрушілік, алауыздық жойылады. Бірлік орнайды. Тірлік орнайды. Бұл жағдайда қоғамды сырттан келген тілді де, тілсіз де жау алмайды. Себебі, кез-келген жауға бірлік қана төтеп бере алады.

Бұл бізге садақаның көзге көрінген, заһир хикметі. Ал көзге көрінбеген, батын хикметі – садақаның отты өшіре алатын сипаты. Алла Елшісі ﷺ: «Өздеріңді жарты құрмамен болсын оттан қорғаңдар», – дейді. Міне, Хазіреті Омар садақаның осы бір сипатын жақсы біліп, есепке алған.

Тағы бір хадисте: «Садақа беруде асығыңдар. Себебі, басқа келер бәле садақадан оза алмайды», – дейді Алла Елшісі  ﷺ.

Сондай-ақ, садақаның таудан да, темірден де, оттан да, судан да қуатты бір күші бар. Оны Алла Тағаланың өзі бізге білдірген. Хазіреті Әнастан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді: «Алла Тағала жерді жаратқан кезде жер құрма ағашы секілді оңға-солға сілкініп, теңселе бастады. Сол кезде Алла Тағала жерде таулар жаратып, жердің теңселгенін басты. Періштелер таудың күштілігіне қарап таңғалысып Алладан:

– Уа, Раббымыз! Таудан да күшті бір мақұлық жараттың ба? – деп сұрайды. Алла Тағала да:

– Иә, темірді жараттым, – дейді.

– Темірден күшті не жараттың?

– Отты жараттым.

– Ал оттан күшті не жараттың?

– Суды жараттым.

– Судан күшті не жараттың?

– Жел жараттым.

– Желден күшті не жараттың? – дейді періштелер. Сонда Алла Тағала:

– Адамды жараттым, – деді де сөзін жалғап – Егер ол адам оң қолымен садақа беріп, берген садақасын сол қолы көрмейтіндей жасырса, онда одан да күшті болмақ, – дейді (Тирмизи).

Міне, демек, адамды таудан да, темірден де, оттан да, судан да, желден де күшті ететін – садақа екен. Берген садақасы болғанда ғана бұларға төтеп бере алмақ. Берген садақасы болмаса, онда оттың да, судың да, жердің де, желдің де алдында дәрменсіз болып қала бермек. Ол қауымды су келіп бір соғады, сел келіп бір шаяды, от келіп бір қармайды, жер келіп бір жалмайды, бұдан кейін қоғамда бұған қарсы әл де қалмайды. Мұның хикметін Хазіреті Омар (р.а.) жақсы білген.

Ендеше, садақа берейік, жарлы-жақыбайға, кедей-кепшікке, жоқ-жітікке қарайласайық. Дағдарыс деп тарылып қалмайық. Көктем келді, қар еруде, сел жүруде. Бұдан бетері сыртқы жау сұғын қадап телміруде.

ислам, от, дін, садақа, өрт, су, Омар, апат
Салтан СайранұлыСалтан Сайранұлы
9 жыл бұрын 5864
0 пікір
Блог туралы
0
251713 163 216 2798 119