Дауыстаған: Салтан Сайранұлы
Әзіреті Әли әңгімелеуде: «Куфада едік. Қиын күндерді бастан кешіп жаттық. Бір күні Куфада жаңадан иман еткен жастармен әңгімелесіп отырып:
– Адамдардың ең жаужүрегі, батыры, баһадүрі кім? – деп сұрадым.
Олар да:
– Сенсің, уа мүміндердің әміршісі! – деп жауап берді. Ол кезде олар Әбу Бәкірді көрмеген еді, Омар әл-Хаттабты көрмеген еді. Олардың көргені тек Әзіреті Әли ғана еді.
Сонда Әли тұрып:
– Жоқ! – деді.
– Сендерге адамдардың ең жаужүрегі, батыры, баһадүрі кім екенін айтайын. Біз Меккеде ат төбеліндей ғана мұсылмандар едік. Мұсылмандар Қағбада намаз оқуға қорқатын еді. Бір күні Қағбаға барып намаз оқыдық. Оқығанымыз сол еді, басымызға келмегені қалмады. Меккеліктер бір сәтте айналамызды қоршап, Пайғамбарымызды (с.а.у.) орталарына алды. Біреуі Пайғамбарымыздың шапанынан тартып, біреуі жағасынан жармасып, біреуі итеріп, тағы біреуі жүзіне түкіріп, нелер қылмады дейсің, нелер?! Ал біздер түк істей алмай тұрдық та қалдық.
Бір кезде анандай жерден екпіндете, арындата біреу келе жатты. Үстінде әппақ шапаны бар, жіңішке келген біреу. Жақындағанда ғана таныдық. Әбу Бәкір екен...
«Раббым Аллаһ дегені үшін өлтіресіңдер ме енді!» деді де, Пайғамбарымызды құшақтай үстіне жата кетті. Меккеліктер Пайғамбарымызды қойып, Әбу Бәкірді сабай жөнелді. Соққының астына алды. Біреуі жұдырықтап жатыр, енді біреуі тепкілеп жатыр, басқа біреуі болса, аузына келгенін сөйлеп жатыр. Ұқба бин Әбу Муғайт өз-өзін ұстай алмады. Еселене түсіп, Әбу Бәкірдің кеудесіне мініп, аяғындағы аяқ киімін шешіп, Әбу-Бәкірдің мүбәрак жүзін қанға бояп, ұра берді ұра берді. Ақыры есінен тандырып бірақ тоқтады.
Бәни Тәйім руынан біреулер келіп, қанға шомып есінен танып жатқан Әбу Бәкірді үйіне апарды.
Анасы Сәлма Үммүл Хайыр ол кезде әлі мұсылман емес еді. Көз жасы ішінде баласының басында ес жиғанын күтіп отыр.
Әбу Бәкір көзін ашып, есін жияр жимас тілге келді. Алғашқы сөзі: «Алла Елшісіне не болды? Пайғамбарыма не қылды? Қайда ол?» Анасы «Онсыз да басыңа келген бәленің бәрі соның кесірінен. Оны қойшы, өз жағдайыңа қарасаңшы. Нәр татшы кел де!..» Сонда Әбу Бәкір: «Жоқ анашым, олай демеңіз! Алланың атымен ант етемін, мына екі көзіммен Алла Елшісін көрмей бір жұтым су да ішпеймін, бір түйір нан да жемеймін. Оны көрмей, көңілім көншімей бір жұтым су да, бір түйір нан да тамағымнан өтпек емес!» Анасы қанша тырысқанымен, Әбу Бәкір бәрібір дегенінен қайтпады.
Әйелі Үммү Жәмил мен анасы қолтықтап алып, Әбу Бәкірді Пайғамбарымызға алып барды. Пайғамбарымыз Әбу Бәкірдің қан жоса болған түрін көріп, шыдай алмай, құшағына алып, жылап жіберді. Бір жағынан қан-қан жүзін сүртіп жатыр. Сонда Әбу Бәкір: «Иә, РасулаАллаһ! Мені қойшы, маған алаңдамашы. Есіктің әр жағында анам тұр, сол үшін дұға етші, иман етсінші» дейді. Пайғамбарымыз қолын көтеріп, дұға етіп, қолын түсіріп әлі үлгермеді, есіктен анасы кіріп келіп, «Иә, Расулуллаһ, әшһәду әл лә иләһә иллАллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммадан абдуһу уа расулуһ» деп иман етті.
Иә, Раббым бізді Пайғамбарымызға деген махаббаттан туған Әбу Бәкірдің ерлігімен рухтандыр!
Меккедегі мұсылмандар мүшріктердің тепкісінен Мәдинаға һижрет ете бастады. Әбу Бәкір де іштей дайындық үстінде. Ара-тұра Пайғамбарымызға келіп, «Иә РасулАллаһ, мен де жолға шығайын ба?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Жоқ, Әбу Бәкір. Күт. Алла саған бұдан да қайырлысын нәсіп етеді» дейді.
Бесін әлеті. Есікті біреу қағады. Есікті ашса, есіктің әр жағында Пайғамбарымыз (с.а.у.). Пайғамбарымыз (с.а.у.) ішке кірер кірмес Әбу Бәкір: «Иә, РасулАллаһ! Айтшы, саған жол серік боп жолға шығам ба? Айтшы, иә, РасулАллаһ!». Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Иә, Әбу Бәкір, жолсерігімсің!».
Айша анамыз айтады: «Уаллаһи, мен сол күнге дейін бір еркектің қуаныштан сонша егіле жылағанын көрген емеспін!» дейді. Пайғамбарымызбен жолға шығу – басты бәйгеге тігу. Тірі не өлі күйінде әкелетін адамға 100 түйе тігілді. Бірақ, Әбу Бәкір қуаныштан жарылардай.
Құранда Алланың өзі екеудің екіншісі деп мәртебесін асқақтатқан Әбу Бәкір мен Пайғамбарымыз Сәуір үңгірінде үш күн, үш түн қонып, Мәдинаны бетке алды.
Әбу Бәкірде маза жоқ. Біресе Пайғамбарымыздың алдына шығып, біресе артына түсіп, енді бірде оң жағынан шығып, бірде сол жағына өтіп, байыз табар емес. Шыр көбелек айналып жүр. Пайғамбарымыз: «Ей Әбу Бәкір! Оң жағымда жүруге тиіс едің сонша неге шыр айналып жүрсің мені?», - дейді.
«Иә РасулАллаһ! Саған бір бәле келе ма деп қорқып келемін. Сол үшін осылай келемін» дейді.
Бұл сөз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сезім пернесін тербеп кетті. «Иә Әбу Бәкір, мені сонша қатты сүйесің ба?» дейді. Бұл сұрақ «Иә!» деп жауап бере салар сұрақ емес! Жауаптың артында мойныңмен көтерер зіл батпан жүк те бар. Ердің ерінің ғана бұл жүкке белі шыдар. Бұл сұраққа берер жауаптың ауырлығын білсеңіз ғой шіркін. Бірақ, Әбу Бәкір кеудесін кере «Иә, Расулім! Сенің сүйетінім сонша, сен үшін өлімге де болса бас тігемін! Сен үшін өлуге әзірмін» дейді. Пайғамбарымыз: «Мен үшін өлмекпісің, уа Әбу Бәкір?».
Әбу Бәкір: «Расул! Иә! Сен үшін жаным пида! Сенің жолыңда, сенің құрбаның болуға әзірмін!»
«Неге, не үшін Әбу Бәкір?»
«Уа РасулаАллаһ! Мен өлсем, азар болса, әкем Әбу Куһафаның үйі жоқтар! Ал Сен өлсең, сен өлсең, Уа РасулаАллаһ! Бүкіл үмбет жоқтайды! Уа РасулАллаһ, сен өлсең, бүкіл Әлем жоқтайды! Уа РасулАллаһ! Сен өлсең, бүкіл тіршілік жоқтайды! Бүкіл Дүние қара жамылады!»
Уа Раббым! Бізді Пайғамбарға деген ғашықтықтан туған Әбу Бәкірдің махаббатынан сусындат!
Күндерден дүйсенбі. Пайғамбарымыз неше күнгі сырқаттан бері бүгін ғана басын көтеріп, жақсарды. Мұны естіген Мәдина халқы ерекше бір көңіл күйге бөленіп, жадырап сала берді. Әбу Бәкір неше күннен бері Пайғамбарымыздың жанынан табылып үйіне бармаған еді. Пайғамбарымыздың біршама жақсарғанын көріп, үйіне барып келуге рұқсат сұрады. «Иә, РасулАллаһ, рұқсат етсеңіз, үйіме барып келейін!».
«Рұқсат, Әбу Бәкір! Рұқсат!».
Әбу Бәкір Пайғамбарымыздан шығып, үйіне бет ала бергені сол еді...
Айша анамыздың даусынан Мәдина қаласы дүр сілкінді! Әлем дүр сілкінді! «Аллаһ Елшісі өлді!!»
Таудан болған Омар сілкінді! Қылышын қынынан суырды! «Жоооқ! Алла Елшісі өлген жоқ! Кім оны өлді десе, мына қылышыммен басын шабамын! Ол Мұса секілді Тұр тауына кетті. Раббысымен кездесіп, кері қайтады!».
Хазіреті Османның денесі түршіккен, үстіне мұздай су құйып жібергендей сілейді де қалды. Аузынан сөз де шықпады. Әли болса бір бұрышта бүрісіп, солқ-солқ жылап отыр.
Әбу Бәкір... Әбу Бәкір жүгіріп отырып, Пайғамбарымыздың бөлмесіне кіріп келді. Келді де, Пайғамбарымыздың жүзін ашып, көз жасына булыға «Иә РасулАллаһ! Сау кезіңде қандай көрікті едің. Өлдің, сонда да көріктісің!» деді. Деді де сыртқа шықты. Себебі, халық жұбатар бір сөзге мұқтаж күйде еді. Омардың бас шаппай қынына кірмейтін қылышын қансыз қайта қынына кіргізер сөз қажет еді. Міне, бұл сөз тек Әбу Бәкірдің аузынан шықты! «Кім Мұхаммедке табынған болса, ол өлді! Ал кімде кім Алланы Тәңір еткен болса, білсін Алла тірі! Алла өлімсіз! «Мұхаммед Алланың елшісі ғана. Оған дейін қаншама пайғамбарлар өткен. Мұхаммед өлсе, бәрің кері кетесіңдер ма?».
Уа Раббым! Ол дүниеден өтсе де, ақыретке жетсе де, ол біз үшін мәңгі тірі! Ол сүннетімен мәңгі тірі!
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы!
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған! (Абай).
Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы!
Өлмейтұғын артында із қалдырған!
Иә, РасулАллаһ! Сен біздің жүрегімізде мәңгі тірісің!