Желден "саңырау" болған Хатәм...
Желден "саңырау" болған Хатәм...

Ислам машайықтарының бірі болған Хатәм-Әсамның мына бір оқиғасы иісі мұсылманға үлгі боларлық екен. Бірде Хатәм-Әсамға көңілі құлазыған зағип бір әйел дертіне дауа іздеп келіп, жан қайғысын айта бастайды екен. Айта бастағаны сол-ақ екен әлгі әйел абайсызда артынан дауыс шығара жел жіберіп қояды. Айнала да жым-жырт, тым-тырыс бола қалады. Әйел кірерге тесік таппай, құлағына дейін қызарып кетеді. Хатәм-Әсам да ештеңе болмағандай: «Қаттырақ сөйлемесеңіз, айтқандарыңызды ести алмадым. Саңырау едім, айқайлап сөйлеңіз», ­­– дейді. Сол-ақ екен, әйел де бұлт артынан жарқырап шыққан күндей жадырап шыға келді. Өзінің ыңғайсыз қылығын Хатәм-Әсамның сезбей қалғанына, саңырау болғанына қуанды.

Хатәм да сол күннен бастап есімінің жанына «әсам» (أَصَمُّ), яғни «саңырау» деген лақап алады да, әлгі әйел қайтыс болғанға дейін саңырау боп жүреді. Әйел қайтыс болғаннан кейін: «Енді құлағым естиді. Бұдан кейін жай сөйлей берсеңдер болады», – деп, сол уақытқа дейін әйелді ыңғайсыз жағдайға қалдырмас үшін айыбын өзге тұрмақ өзінен де «жасырып» келеді.

Міне, мұсылманның айыбын жасыруда теңдессіз үлгі қалдырып кеткен Хатәм-Әсамнан әлі күнге дейін сабақ алмай келеміз. Хатәм-Әсам байқаусыз шыққан жай жел үшін қаншама жыл саңырау болуға бел буды. Тіпті, «саңырау» деген лақап алды. Ал, біз адамның айыбын іздеп жүріп табамыз. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кім бұл дүниеде мұсылман бауырының айыбын жасырса, Алла ол адамның дүниеде һәм ақыретте айыбын жасырады», «Мүминнің айыбын жасырған адам өліні тірілткенмен пара-пар» десе де, бұған бойсұнбаймыз. Өз айыбымызға қырын қараймыз, өзгенің айыбын «Қырымнан байқаймыз». Өкінішті-ақ...

Бірде түрік ақыны Нәжіп Фазыл Қысакүректің алдынан журналистер қауымы кесе көлденеңдеп шығып, оның өткені мен кеткенін, қайдағысы мен жайдағысын еске салып, айыбын аймаңдай етеді. Сөйтсе, Нәжіп Фазыл бұған саспастан: «Менің өткен өмірім жатқан бір қоқыс. Ал, қоқысты қаңғыған ит пен мысық қана ақтарады», – деп жауап берген екен. Үлгі боларлық...

Салтан СайранұлыСалтан Сайранұлы
10 лет назад 5672
8 комментариев
О блоге
0
251713 163 216 2798 119