Көктемді қалай өткізу керек?
Көктемді қалай өткізу керек?

Міне, наурыз айы туып, көктемнің алғашқы күндерін өткерудеміз. Енді біршама уақыттан кейін, жапырақсыз жалаңаштанып қалған ағаш біткен бүршік атып, өзінің көрікті кейпіне қайта қауышады. Ағаш та, құдды, адам секілді ғой. Адамның көркі шүберек болса, ағаштың көркі – жапырақ. Жапырақсыз ағаш ұсқынсыз келеді. Қыстың күні қай адамды көрдіңіз «табиғат аясына шығайық, талдың саясында тынығайық» деген?..

Демек, жайқалған ағаш – жанға пана, көңілге сая. Ал жемісі болса, оның әңгімесі тіптен бөлек. Жеміс өз алдына бір ғанибет һәм нығмет. Ғалым Имам Ғазалидің «Ілім – ағаш болса, жемісі – тақуалық» деген әдемі бір теңеу сөзі де бар. Пайғамбарымыз (ﷺ) да: «Иман – жалаңаш, оның жапырағы – тақуалық, әшекейі – ұят, жемісі – ілім» (Байһақи) дейді.

Демек, жемісті ағаштың жөні бөлек. Сол себепті, сахаба Жәбирден (р.а.) жеткен мына бір хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Мұсылман адамның отырғызған жеміс ағашынан адамдар, жан-жануарлар немесе құстар жейтін болса, әлгі мұсылманға қиямет-қайымға дейін садақа есебінде сауап жазылатын болады». Аз сөзбен көп дүние ұқтыратын сипатқа ие Пайғамбарымыздың бұл сөзінен де көптеген терең дүниелер өрбіте беруге болады. Тура мағынасы да, астарлы мағынасы да – тұнған хикмет.

Көктемімізге қайта оралсақ… Алла Тағала тағы бір көктемді көруді нәсіп етті. Аллаға сансыз шүкірлер айтайық. Бұл мезгіл Пайғамбарымыздың (ﷺ) осы бір хадисіне амал етер бір уақыт. Жемісті тал отырғызып, келешегіміздің көктеуіне үлесімізді қоссақ… Қандай керемет. Көктемде отырғызып үлгермей қалсақ, кейін кеш болады. Қыста тал еккен жан көрдіңіз ба?

Иә… Кейбіріміз ғұмырымыздың көктеміндеміз, енді біріміз жаз ғой деп жайбарақат жүрміз. Кейбіріміз үшін сарғайып күз келді. Енді бірімізге қаһарын сүйреп қыс келді. Осы қыста «жаздың қамын қыста ойлау керек еді ғой» деп өкініп жүргендер қаншама. Ондай жандарды «Крыловтың шегірткесі» дейміз, «Ыршып жүріп ән салған, көгалды қуып гөлайттап, қызықпен жүріп жазды алған». Бұл мұсылманға жат нәрсе. Біз Сүлеймен Пайғамбармен сұхбаттас болған құмырсқа қасиеттес болуымыз керек. Кім құмырсқаның шалқадан түсіп не жастыққа жантайып ап жатқанын көріпті? Құмырсқаның тырмысқанын ғана көріппіз.

Ендеше өміріміздің көктемінде ғұмыр-алқабымызды мәуелі бақшаға айналдырайық. Әрі бұл дүниеде де жемісін көреміз, әрі ақыретімізге азық. Бірақ, мынаған да сақ болайық… көз жауын алар жемістеріміздің іші «рия құрты» түсіп, шіріп кеткен болып жүрмесін.

Көктеміңіз құтты болғай, ағайын!

 

Салтан СайранұлыСалтан Сайранұлы
9 лет назад 6737
3 комментария
О блоге
0
251713 163 216 2798 119