بِسْمِ اللَّهِ الرَّحْمَـٰنِ الرَّحِيمِ
Мекке мүшріктерінің мұсылмандарға көрсеткен қысымы күн өткен сайын арта түскен еді. Олардың адам төзгісіз зорлық-зомбылықтары саңлақ сахабаларды туған жерін тастап, Мәдинаға көшуіне мәжбүр етті. Бұдан былай Меккеде өмір сүру тұрмақ, көшелерінде жүрудің өзі мүмкін емес жағдайға жеткен еді. Соңында кезек Сүйікті Пайғамбарымыз ﷺ бен Әбу Бәкір Сыддыққа (р.а.) келді. Бұл хабарды естіген Мәдина халқы үлкен тебіреніс пен жан толқынысы ішінде Пайғамбарымыздың ﷺ жолын күзетуде еді. «Қоштасу шоқысы» олар үшін «ТОЛҒАНАЙ ТУАР КӨКЖИЕККЕ» айналған еді. Жеті жастағы баладан бастап, жетпіске жеткен қартқа дейін Пайғамбар ﷺ қарасы көрінетін көкжиектен көз алмай жүрді. Міне, тағатсыздана күткен ол «Ай» да Мәдина халқына нұрын төкті. Һижрет кезінде жанынан табылған сахабалардың «біріншісі», Құранда «екеудің екіншісі» (Тәуба сүресі, 40-аят) аталған Әбу Бәкір Сыддыққа (р.а.) жұрт «Пайғамбарымызбен бірге һижрет еткен Әбу Бәкір неткен бақытты еді» деп қызыға қарады. Сол Әбу Бәкірдің (р.а.) арнайы Пайғамбарымызға ﷺ һижрет үшін баптаған, Сүйікті Елшімізді ﷺ Меккеден Мәдинаға дейін арқасында көтеріп келген Қасуа түйесі де, сірә, өзін сол кезде өзгелерден де бақыттырақ санаған болар, жануардың тілін түсінбейміз-ау. Бәрін айт та бірін айт, Мәдинада Пайғамбарымыз ﷺ түсетін шаңырақтағы шаттықты айтсаңызшы.
«Бұл бақыт кімге бұйырар екен» деп әркім үмітті еді. Ентелей жүгіріскен ансарлардың аңсары «Алланың Сүйіктісін ﷺ шаңырағына құт етіп қондыру» ғана еді. Ешкімнің көңіліне қаяу түсіргісі келмейтін Пайғамбарымыз ﷺ әркім разы боларлық ұсыныс айтты. «Мына түйемнің бұйдасын бос қоя беріңдер. Кімнің ауласына шөксе, түйемді соның босағасына байлаймын. Соның Құдайы қонағы боламын», – деді Ардақтымыз ﷺ. Ойсылқара «маң-маң басып, маң басып, төрт аяғын тең басып» Әбу Аюб әл-Ансаридің (р.а.) ауласына шөкті. Осылайша Әбу Аюбтың дұғасы қабыл болды! Сахабаның өмірі осы күннен бастап тарихқа «Пайғамбарды ﷺ мейман қылған сахаба» есімімен жазыла бастады.
Сіз төбемізде, біз төменіңізде болайық...
Әбу Аюб әл-Ансаридің (р.а.) үйі екі қабат еді. Пайғамбарымыз ﷺ «кіріп-шығар адамым көп» деп астыңғы қабатқа жайғасты. Бұған сахаба Әбу Аюб әл-Ансари мен оның бәйбішесінің көңілі жай болмады. Құдайы қонақтың төменде, өздерінің жоғарыда болуы түн ұйқысын қашырды. Дөңбекшіп неше күн ұйықтай алмайды. «Бір күні су құйылған ыдысымыз құлап, ішіндегі суы жерге төгілді. «Бірінші қабатқа су өтіп, Пайғамбарымыздың ﷺ төбесінен тамшыламасын» деп дереу бәйбішем екеуміз өзіміз жамылып жатқан жалғыз ғана көрпемізді судың үстіне тастай қалдық», – дейді. Сөйтеді де шыдай алмастан Пайғамбарымызға ﷺ келіп: «Уа, Расулім! Біздің жоғарыда, Сіздің төменде болғаныңыз бізді жайсыз жағдайға қалдырды. Сіз төбемізде болыңыз, біз төменіңізде болайық», – деп Пайғамбарымыз ﷺ жоғары шыққанша жалбарынып тұрып алады. Пайғамбарымыз ﷺ да сахабаның көңілін қимай, жоғарғы қабатқа көшеді. Пайғамбарлардың тәжі болған Расуліміз ﷺ төбеге шыққанда ғана сахабаның көңілі көншіп, ұйқысына береке енеді. Аюб әл-Ансаридің сүйіспеншілігі оны Пайғамбарымыздың ﷺ төбесінде жайбарақат жатқызбады.
Тамақтан Оның саусақ іздерін іздеуші еді...
Тағы бір естелігінде Әбу Аюб әл-Ансари былай дейді: «Біз Пайғамбарымызға ﷺ үнемі кешкі асын дайындап беретін едік. Пайғамбарымыз да ﷺ астан жеп болған соң, қалғанын кері қайтаратын. Бәйбішем Умму Аюб екеуміз келген астан берекет үміт етіп Расулуллаһтың ﷺ қолы тиген жерлерінен жейтін едік. Бір күні жуа мен сарымсақ қосып жасаған тамағымызды Пайғамбарымыз ﷺ кері қайтарды. Пайғамбарымыздың ﷺ саусақ іздерін көрмеген соң, алаңдап жоғары көтерілдім де: «Уа, Пайғамбарым ﷺ, дайындаған тамағымызды кері қайтарыпсыз, бірақ тамаққа тиген саусақ іздеріңізді көрмедік қой. Әйелім Умму Аюб екеуміз Сізден келген астан берекет үміт етіп, сіздің қолыңыз тиген жерлерден жеуші едік...», – дедім. Пайғамбарымыз ﷺ да: «Бұл астан ауыр бір иіс келді. Сол себепті жемедім. Мен періштелермен сөйлесетін адаммын. Сондықтан да, ол асты сендер жеңдер», – деді. Біз де бұдан кейін Пайғамбарымыздың ﷺ асына жуа мен сарымсақ жақындатпадық», – дейді (Ибн Хажар, Ибн Хишам, Имам Ахмад). Сахабаның Пайғамбарымызға деген махаббаты одан бұрын аузына ас алуға тәбет тартқызбайтын. Әуелі Пайғамбарымыз ﷺ тоймай, оған ас батпаушы еді. Оның ﷺ мүбәрәк саусақтары тиген жерден ас жемесе, асы жұғым болмайтын. Өйткені, ол Пайғамбар ғашығы еді.
Оны Ыстамбұлға әкелген Пайғамбар сүйіншісі еді...
Әбу Аюб әл-Ансари (р.а.) жорықтарда үнемі Пайғамбарымыздың ﷺ жанынан табылатын еді. Бәдір, Ухуд, Хәндәк соғыстарынан бастап үлкенді-кішілі барлық жорықтарға қатысатын. Пайғамбарымыз ﷺ дүниеден озғаннан кейін де төрт шадиярдың кезеңіне куә болған сахаба Алланың дінін, Пайғамбарымыздың ﷺ сүннетін асқақтату үшін жиһадты өмірінің мәні етті. Тіпті, төрт халифадан кейін билікті қолына алған Муғауияның да Ыстамбұлға жасаған жорығына қатысты. Қарттық шағына қарамастан оның бұл жорыққа қатысудағы үміті де Пайғамбарымыздың ﷺ: «Константинополь міндетті түрде алынады. Оны алатын қолбасшы неткен керемет қолбасшы. Оны алатын әскер де қандай тамаша әскер!» (Ахмад бин Ханбал, Мүснәд) деген мақтауына лайық болу еді.
Әбу Аюб әл-Ансариді тоқсанға келген шағында оны Ыстамбұлдың бұл топырақтарына дейін алып келген Пайғамбарымызға деген ғашықтығы еді. Ол Пайғамбарымыздың ﷺ мүбәрәк саусақ іздерін ғана емес, «сүйінші сөздерінің» де жеткен жерлерін іздеп жүретін. Оны Ыстамбұлға алып келген де Ыстамбұлдың алынатынын сүйіншілеген сөздер еді.
Мәдинадан Мысырға...
Ардақты Елшіміздің ﷺ «Кімде-кім бұл дүниеде мұсылманның айыбын жасыратын болса, Алла Тағала да Қиямет күні оның айыбын жасырады» (Мүснәд) деген хадисін өзінен естіген сахабалардан өмірде Ұқба (р.а.) ғана қалған еді. Ол кезде Ұқба Мысырдың әкімі болатын. Осы хадисті Ұқбадан өз құлағымен есту үшін Мәдинадан сонау Мысыр жеріне барады. Хадисті естіп, көңілі жайланып кері қайтады. Міне, сахабаны сонау Мәдинадан Мысырға дейін алып барған да Пайғамбарымызға ﷺ деген оның шексіз махаббаты еді.
Айша анамызға (р.а.) мүшриктер тарапынан жала жабылғанда Әбу Аюб әл-Ансаридің бәйбішесі «Бұл қалай болды өзі?..» деп күмәнға бой алдыра жаздағанда «Ей, Үммү Аюб, шығарма үніңді! Сөзді қысқарт! Егер сен Айшаның орнында болғанда мүшриктердің айтып жүрген ісін жасар ме едің?» дейді. Үммү Аюб та: «Әрине, жоқ!», – деп жауап береді. Бұған әл-Ансари: «Ендеше ұмытпа! Айша сенен де қайырлы. Егер Саффанның орнында мен болғанымда, бұл істі мен жасар ме едім? Әрине, жасамас едім! Ал Саффан менен де қайырлы!», – деп парасаттылық танытады. Бұл оның Пайғамбарымызға және оның әулетіне деген шегі жоқ махаббатының көрінісі еді. Міне, Пайғамбарымызға деген махаббат, ғашықтық, сүйіспеншілік «оны сүйдім» деген сөзбен шектелмейді. Оған ﷺ деген махаббат Оның ﷺ сүннеті мен сөзін асқақтатумен өлшенеді.
«Мен мазардың тасы мен топырағына кеп тұрғам жоқ...»
Бір күні Пайғамбарымызға ﷺ деген сағыныш пен махаббаттан туған құсалық Әбу Аюб әл-Ансариді (р.а.) оның қабіріне алып барады. Сахаба Пайғамбарымыздың мазарына басын қойып, егіле жылай бастайды. Мәруан бин Хакәмә жанына келіп: «Сен Пайғамбарымыздың сахабасысың, тастан, топырақтан медет тілегенің қалай?» деп сұрайды. Сонда Әбу Аюб әл-Ансари басын көтеріп, көз жасын сүртіп: «Мәруан, мен мазардың тасы мен топырағына кеп тұрғам жоқ. Осы мазарда жатқан Пайғамбарымыздан ﷺ өз құлағыммен мынаны естіген едім: «Дін істері өз иесінің, маманының қолында болғанда еш қайғырма! Ал дін істері өз иесінен, маманынан басқаның қолына өтсе, сол кезде егіл, сол кезде жыла», – деген еді. Мен осы үшін шағым айта келдім Расуліме. Бүгінде дін иесінің қолынан кетті!» – деп егіле жылайды (Мүснәд).
Әбу-Аюб әл-Ансаридің (р.а.) ақырет демі алдындағы өсиеті де өзін келешек Ыстамбұл қорғандарының ең жақын жеріне апарып жерлеу болатын. Өсиеті орындалды. Кешелері Константинопольдің қорғанына жақын жерден топырақ бұйырған сахаба бүгінде Ыстамбұлдың ортасынан ойын тұрып орын алды. Константинополь келмеске кетті. Пайғамбар мақтауына ие болған Мехмет Фатих Сұлтанның «Ислам бол!» әміріне бас иді.
...Міне, Сүйіктіміз, Ардақтымыз, Ғаламға Рахмет шуағын шашып келген, мейірім нұры тасып келген Мырзамызды ﷺ мейман қылған сахабаға мен де мейман болып басына келдім. «Мазарының тасы мен топырағына келмедім»... Шағымданайын деп те келмедім. «Дін нашарлап, хал харам боп» (М.Дулатұлы), сүннетке салғырт қараған халіммен не деп шағым айтайын?.. Тек Сүйіктісін ﷺ мейман қылған сахабаның құрметі үшін ғапыл құлының дұғасын қабыл етер деген үмітпен Алладан өзіме қайыр тілеп, саңлақ құлына Құран бағыштадым.
Ал Әбу Аюб әл-Ансаридің Пайғамбарымыздан ﷺ риуаят еткен мына хадисі бізге насихат болар: «Намазыңда бұл дүниемен қош айтысып бара жатқандай бол, ертең сөзің үшін кешірім сұрайтындай сөйлеме, адамдардың қолындағысына телмірме» (Мүснәд).
Сахабаның мазарына кереметтей мешіт тұрғызылған. Стамбулға барған мұсылманмын деген адам оған соқпай кетпес.
Жазбаның тақырыбынан басында түсіне қоймадым. Тек Стамбул туралы жазылғанда ғана осындай нығметті Раббым маған да нәсіп еткенін түсіндім. Тағы да нәсіп болар ма екен?..