ҚҰРАННЫҢ МЫНА БІР ҚАСИЕТІН БІЛДІК ПЕ?
ҚҰРАННЫҢ МЫНА БІР ҚАСИЕТІН БІЛДІК ПЕ?

Алла Тағала Құранда Бақара сүресінің 74-аятында «тас жүректер, тіпті тастан да қатты жүректер» жайында баяндайды. Себебі, тас екеш тастың өзі Алладан қорыққанынан домалап құлайды. Тіпті, тас қатты десек те, жұмсақ судың өзі сол қатты тасты тесіп өтіп не қақ жарып ағып жатады. Жоғарыдағы Құран аятының жалғасында Алла Тағаланың өзі тастың қалайша жұмсаратынын бізге осылайша мысал келтіреді. Міне, кейбір жүректер, Алла Тағала айтқандай, тастан да қатты болады. Ондай жүректер ешнәрсеге де жібімейді, ештеңеге де жұмсармайды. Кәпірлердің, күпірге бой алдырғандардың жүректері осылайша қатайып кетеді.

Асылында мұсылмандардың да күнәдан жүрегі қарайып, қатаяды. Ондай жүректен мейірім кетіп, жаны ашымас жанға айналады. Қазақ мұндайларды «тас жүрек» дейді. Бұл тұрақты сөз тіркесіне айналған сипат та жоғарыда атап өткен Қасиетті Құран аяттарынан алынса керек.

Ал Қасиетті Құран Кәрім әдепке сай тыңдалса және оқылса, жүректерді жібітер қасиетке ие. Тіпті, кейбір Құрайыш мүшриктерінің өзі Құраннан әсерленіп, еріксіз байланатын. Бір күні түнде Әбу Суфиян, Әбу Жәһил және Әхнәс бин Шәрик бір-бірінен бейхабар күйі Пайғамбарымыз ﷺ намаз оқып жатқанда Құран тыңдау үшін үйінің жанына жасырынып барады. Сол жерде тығылып отырып түні бойы Құран тыңдайды. Ал таңға жақын жұрт біліп, көріп қоймас үшін үйіне қайтпақшы болып жасырынған жерінен шығып бара жатқанда әлгі үшеуі бір-бірімен кезігіп қалады. Бір-бірін сөккенімен не пайда, үшеуі де Құран тыңдау үшін келген болатын. Ақыры «Халық бізді көрсе, жүректерінде күмән туар. Сондықтан да, бұдан былай бұл жерге келмейік» деп келісіп, уағдаласып әлгі жерден тарқасады. Бірақ екінші күні бұл үшеуі өз-өздерін ұстай алмайды, тағы да жасырынып Құран тыңдауға барады. Таң ата қайтайын деп жасырынған жерлерінен шығып бара жатқанда тағы да бір-біріне ұшырасып қалады. Сөйтеді де, тағы да «екінші келмейміз» деп сөз беріседі. Дегенмен, Құранның әсері бұларды үшінші күні де өзіне тартып алады. Үшінші күні де үшеуі бір жерден табылады. Міне, Құранның жүректерге әсерін осыдан-ақ байқауға болады.

…Кейде «біздің жүрек осы мүшріктердің де жүрегінен қатайып кеткен бе?» деп қаламын. Жүрегіміздің өліп кеткені сонша, Құраннан ләззат ала алмайтындай жағдайға жеттік. Намаздан соң мешіттерімізде Құран оқылып бастаса болды, көбіміз Құранға құлақ түрместен атып тұрып, әлгі жерден ұзақтап кетеміз. Құран оқылған жерден шайтан қашады деуші еді, біз осы албасты шайтан иектеп алғаннан саумыз ба?..

Құран оқылғанда мү’миннің халі қандай болу керектігін Алла Тағала Құранда сипаттап кетті емес пе? «Сөзсіз мү’миндердің Алла еске алынған кезде жүректері діріл қағады да оларға Алланың аяттары оқылған кезде имандары артып, Раббыларына тәуекел қылады» (Әнфал сүресі, 2-аят). Міне, осы аят біздің мү’миндігіміздің, мұсылмандығымыздың өлшемі болса керек. Алланы зікір еткенде жүрегіміз діріл қаға ма, шымырлай ма? Құран оқылып жатқанда иманымыз, Аллаға деген тәуекеліміз арта ма? Алла сипаттап отырған күйлерді бастан кешеміз бе? Осыған бір ой жүгіртейікші. Егер мұндай күйлерді бастан кешпесек, онда жүрегіміз дертке шалдыққан, науқас, қара дақ қаптаған. Ол үшін зікір мен Құранға тезірек жабысу керек. Құран оқығанда да әдебіне сай, ақысын бере оқу керекпіз. Оны да Пайғамбарымыз бен сахабаларынан үйренеміз. Ендеше назарларыңызға Пайғамбарымыз бен сахабаларымыз Құранды қалай оқушы еді, аз-кем соған тоқталайық.

Пайғамбарымыздың Құран оқуы

Пайғамбарымыз  ﷺҚұран Кәрімді ой жүгірте оқитын. Кейде бір аят қана оқып таң атқанша ой тұңғиығына бататын. Бір күні түнде «Оларды азаптасаң да олар сенің құлдарың, ал жарылқасаң, әлбетте Сен аса үстем, хикмет иесісің» (Маида сүресі, 118-аят) деген аятты оқып Пайғамбарымыз ﷺ қолдарын көтеріп: «Уа Раббым! Үмбетім, үмбетім!» деп дұға етіп, егіліп тұрып жылайды. Сол кезде Алла Тағала Жәбірейілге (а.с.):

– Иә Жәбірейіл, Мұхаммедке ﷺ барып, неге жылап жатқанын сұра! Әрине, Раббысы Оның ﷺ не үшін жылап жатқанын өте жақсы біледі, – дейді. Жәбірейіл періште де келіп Пайғамбарымыздың ﷺ не үшін жылап жатқанын сұрайды да, оның айтқанын Алла Тағалаға жеткізеді. Әрине, Алла Тағала онсыз да Елшісінің не үшін егіле көз жасын төгіп жатқанынан хабардар. Сөйтеді де, Жаратушы Иеміз Жәбірейіл періштеге (а.с.):

– Иә, Жәбірейіл! Мұхаммедке ﷺ мынаны айт: «Біз Сені үмбетің үшін уайымдаған дүниеңде разы қыламыз, Сені ренжітпейміз!» – дейді.

Міне, Алла Тағала осы бір аятты оқып, көз жасын көл қылған Пайғамбарымызға ﷺ үмбетіне шапағат ету нығметін береді (Мүслим: Иман, 346).

Сүйікті Пайғамбарымыз ﷺ Құран оқып жатқанда Алла Тағаланы кемшіліктен пәктейтін аяттар келгенде Алла Тағалаға тәсбих айтып, оны кемшіліктен пәктейтін. Алла Тағалаға дұға ету аяттары келгенде Аллаға дұға етіп, тілегін сұрайтын. Ал Аллаға сиынып, пана сұрайтын аяттарға келгенде Пайғамбарымыз ﷺ да Аллаға сиынып, жалбарынатын (Мүслим, Мүсафирин, 203). Міне, Алла Тағаланың Елшісі ﷺ Құранды осылайша амал ете отырып оқитын еді.

Сахабалардың Құран оқуы

Хазіреті Әбу Бәкірдің (р.а.) қызы Әсмаға немересі Абдуллаһ келіп:

– «Әжетай, Пайғамбарымыздың ﷺ сахабалары Құран оқығанда не істеуші еді? – деп сұрайды. Әсма былай деп жауап береді:

– Тура Құранда айтылғандай көздерінен жас ағып, денелері қалшылдап кететін (Бәйхаки).

Пайғамбарымыздың ﷺ қызметкері болған Әнас ибн Мәлик Құран Кәрімді хатым еткен кезде отбасын тегіс жинап, олармен бірге дұға ететін (Ибн Әбу Шайба, әл-Мусаннаф).

Айша анамыздың Құран оқуы

Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымыздың ﷺ ең алғыр оқушысы еді. Құран оқуды Пайғамбарымыздан ﷺ үйренген. Ол да Алла Тағаланың кітабын Пайғамбарымыз ﷺ секілді ой жүгірте оқитын еді. Бірде «Алла бізге игілік етті де заһарлы азаптан қорғады» (Тур сүресі, 27-аят) деген аятты оқып, «Аллаһым! Маған да игілік бере гөр, мені де қуырған оттан қорға!» деп дұға етті.

Ендеше Алла Тағала біздерге Құранды ақысын бере, әдебін сақтай оқуды нәсіп етсін. Себебі, Құран әдебімен оқып, амал еткенге шапағатшы. Ал амал етпегенді лағнеттеуші.

Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді: «Қиямет күнінде Құран мен дүние өмірлерін Құранға сай өткізген адамдар махшар алаңына шақырылады. Сол кезде Құранның алдында Бақара сүресі мен Әли-Имран сүресі болады. Бұл екі сүре өзін оқығандарды қорғаймыз деп сол жерде таласқа түседі» (Мүслим, Тирмизи).

Олай болса, махшар алаңында біз үшін «қорғаймыз» деп Құран таласқа түссін. «Соңымнан Жәһәннамға сүйреймін» деп Ібіліс емес…

 

 

Салтан СайранұлыСалтан Сайранұлы
9 лет назад 8164
3 комментария
  • Құранды "құр ән" етіп тындасак, әрине ләззат алмаймыз. Өйткені, Оның мақсаты құлақ құрышын кандыру емес қой . Сол үшін араб тилин үйрену шарт па деген ой келеді кейде. .
    9 лет назад
  • Алла сізден разы болсын. Араб тілін үйренуге құлшынысым тағы да артты.
    9 лет назад
  • Алла разылығы үшін тоғыз қадам жасаймыз:
    1. Алдымен Аллаға, Пайғамбарымызға, Алланың барлық жаратқандарына иман келтіреміз.
    2. Содан кейін Құран әліппесін үйренеміз (осы уақытқа дейін кириллицадан азды-көпті аят-сүре жаттаған болсақ, Алла қабыл етсін!).
    3. Ендігі кезекте тәджуит пен мәхраж ережелеріне сай құран оқуды үйренеміз.
    4. Бәлкім, құранның қазақша я орысша аудармасын да оқи отырып, мағынасын түсінуге талпынып, құран-хадиске сай амал етеміз.
    5. Одан кейін құранды Алладан түскен тілінде – араб тілінде ұғынып-түсіну мақсатында араб тілін меңгереміз.
    6. Құранды үзбей оқи жүріп, лайықты амал ете жүріп, өзіміз қалай үйренгеніміздей бала-шағаға, ағайын-туыс, дос-жаранға да Құран оқуды үйретеміз.
    7. Құран қатым қылуға асық боламыз!
    8. Шама жеткенше құран сүрелерін көптеп жаттауға тырысамыз (қари болу нәсіп болсын!)
    9. Алла разылығы үшін көптеп қарилар тәрбиелеуді ниет қылып, ұстаздық етеміз (Алла нәсіп етсін!)
    9 лет назад
О блоге
0
251713 163 216 2798 119