ТҮРКИЯНЫҢ МАЗАРЛАРЫНАН ҮЛГІ АЛСАҚ...
ТҮРКИЯНЫҢ МАЗАРЛАРЫНАН ҮЛГІ АЛСАҚ...

Осы көктемде Түркияда бір таныс түрік бауырымыз дүниеден озып, жаназасына қатыстым. Жаназасынан кейін жерлеуіне де бардық. Сол кезде Түркияның мазарларын алғаш араладым. Аралап жүріп, қазақтың мазар салу мәселесінде қаншалықты шектен шыққанын байқадым. Біздегі мазарларды аралап жүрсең, небір көз жауын алар зәулім «сарайларды» көресің. Тіпті, сол мазардың ішіне өзің көзің тіріңде барып орналасып алғың келеді. Себебі, ондай зәулім «бейіт» (бейіт  (بَيْتٌ) арабшада «үй» деген мағынаны береді) сенде жоқ.  Несін айтасыз, қабір басына ескерткіш орнатып тастағандар да бар ғой. Жалпы, бұның бәрі елдің шектен шығып бара жатқандығының көрінісі ма дедім. Қазақтың дарақылығы мен бәсекелестігі осы мазар салу мәселесіне бармай-ақ қойса, қайтер еді деп жүруші едім... Осы мәселеге қатысты елімізде үлкен насихат жүруі тиіс секілді. Жұртқа санасын өзгертетін уақыт жетті. Аруаққа құрмет мазар салумен емес, артынан салиқалы іс жасап, сауабын бағыштаумен өлшенетінін ұғынатын кез келді. Осы мақсатта елге үлгі, насихат болсын деп Түркияның мазарларын мысалға келтіргім келді.

Түркия мазарларын аралап жүрсеңіз, қарапайым ғана көктастан тұратынын және тізеге жетпейтіндей аласа болатынын байқайсыз. Сосын қабірдің басына гүл не тал отырғызып тастайды. Себебі, өсімдіктер Алланы зікір етеді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жеті көк пен жер және ондағы болғандардың бәрі Алланы кемшіліктен пәктейді. Оны пәктеп, оған мадақ айтпайтын ешнәрсе жоқ. Алайда сендер оны түсіне алмайсыңдар», – дейді (Исра сүресі, 44-аят). Хаж сүресінің 18-аятында да Алла Тағала: «Көрмейсің бе? Аллаға көктерде және жерде болған әр нәрсе: күн, ай, жұлдыздар, таулар, ағаш, хайуандар және адамдардың көбі сәжде қылады», ­– дейді. Міне, өсімдіктің бұл тәспих зікірі мен Аллаға қылған сәждесі қабірде жатқанның қабір азабын жеңілдетеді деген сенім бар. Бұған Пайғамбарымыздың  мына хадисі де дәлел бола алады. Бірде Пайғамбарымыз  сахабаларымен қабірдің жанынан өтіп бара жатып, екі қабірді нұсқап: «Бұл екеуі азапталуда, бірақ, үлкен күнә істегендері үшін азапталып жатқан жоқ. Олардың бірі зәрінен тазармайтын еді (яғни, зәр шығарғаннан соң өзінің киіміне, денесіне немесе таза жерлерге тиуіне көңіл бөлмейтін еді), ал, екіншісі сөз таситын еді», – дейді. Сөйтеді, екі жас шыбық алғызып, қабірдің басына егеді де: «Бұл екі шыбық шіріп кеткенше қабірдегілердің азабы жеңілдетілетінінен үміт етемін», ­­– дейді (Бухари, Муслим). Осы хадисті негізге алып, түріктер өлінің қабір азабын жеңілдетер деген үмітпен қабірдің басына ағаш не гүл отырғызуды әдетке айналдырған.

Тағы бір қызық дүние, түріктер қабірдің басына су құятын шұңғыл ойық жасап, сол шұңғылға су құйып қояды. Мұндағы мақсат ­­– шөлдеген аң­-құс әлгі шұңғылдан су ішіп, шөлін басып, оның сауабы қабірдегіге тие берсін деген ниет. Шөлден өлгелі жатқан итке құдықтан аяқ киімімен су алып бергені үшін күнәсі кешірілген жезөкше әйел жайлы Пайғамбарымыздың хадисін ескерсек (Мүслим), қабір басына су қою әдетінің де дінімізде негізі барын айта аламыз.

Тағы бір назарым ауған дүние, мазарлардың арасында «Пәленшенің естелігі үшін» деген «су көздерін» көресіз. Яғни, дүниеден озған адамның атынан жақындары ескерткіш ретінде құдық қазып, су көзін ашып қояды. Шөлдеген жан сол су көзінен шөлін қандыра алады. Мазардағы ағаш пен гүлдерді де сол құдықтағы сумен суғарады. Ал сауабы қабірдегіге бағышталады. Міне, бұл да адам сүйсінетін бір ізгі амал.

Қорытындылай келгенде, «Ай – ортақ, Күн – ортақ, жақсы – ортақ». Мұсылман елдерінің осындай үлгі боларлық ізгі амалдарын, жақсы дүниелерін, тамаша мәдениеттерін өзімізге неге алмасқа? Мақсатымыз, аруаққа сауап бағыштау болса, пайдасы жоқ, шығыны көп зәулім мазар соққаннан гөрі, сауабы мол осындай игі істерден неге үлгі алмасқа? Ысырапты Алла да сүймейді. Сондықтан да, осы мәселені бір сәт ойланайықшы...

Салтан СайранұлыСалтан Сайранұлы
8 лет назад 4844
0 комментариев
О блоге
0
251713 163 216 2798 119
Прямой эфир