УДЫ БАЛҒА АЙНАЛДЫРҒАН САХАБА
УДЫ БАЛҒА АЙНАЛДЫРҒАН САХАБА

Сахабалардың қай қайсысы да біз үшін үлгі-өнеге. Әрқайсысын бір-бір шоқ жұлдызға теңеген Пайғамбарымыз ﷺ сахабалардың бәрі бізге «темірқазық» екенін, тура жолға жөн сілтейтінін айтқан. Себебі, олар Алла Елшісінің ﷺ мүбәрак нұрлы жүзінен жарық алып, айналаға сәуле шашқан бір-бір шырақ. Сүйікті Пайғамбарымыз ﷺ үшін жанын пида еткен сондай сахабалардың бірі – Мәдинаның Хазраж тайпасының Сүлейменұлдары руынан Бишр бин Бәра (р.а.).

Бишр бин Бәра – Пайғамбарымызға ﷺ екінші Ақабада қол тапсырған сахаба. Бәдір соғысына, алдыңғы шептегі садақшы ретінде Ухуд соғысына, Хандәк, Хайбар соғыстарына қатысқан.

Пайғамбарымыз ﷺ яһудилердің жеңілісінен кейін Хайбарда біраз уақыт қалған еді. Сол уақыттарда Сәлләм бин Мишкәмнің келіншегі Зейнеп бинт Харис есімді әйел бір қой сойып, Пайғамбарымызды ﷺ қонаққа шақырады. Мұндағы пиғылы – Пайғамбарымызды ﷺ улап өлтіру еді. Алла Расулі ﷺ қасына Бишр бин Бәраны (р.а.) ертіп, шақырған жерге барады. Алдарына сойылған қойдың етінен табақ тартылады. Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ табаққа қол созады да бір кесегін аузына салады. Артынша Бишр бин Бәра да асқа қол салады. Сол кезде Алла Елшісі ﷺ еттің уланғанын сезе қалып, жұтпастан аузынан қайта шығарады да: «Бұл етті жемеңдер, уланған», – дейді. Бірақ, бұл кезде Бишр бин Бәра (р.а.) етті жұтып жіберген еді. Сөйтеді де Пайғамбарымызға ﷺ:

– Уә, РасулАллаһ ﷺ, мен қой етінің уланғанын аузыма салғаннан-ақ сезген едім. Бірақ, сіз жеп жатқан етті ұнатпағандай болмайын деп алдыңызда етті аузымнан шығарғаным әдепсіздік болады-ау деп жұта салдым, – дейді.

Алла Елшісі ﷺ дереу Бишр бин Бәраның (р.а.) екі жауыры арасынан хижама жасаттырып, қан алдыртады. Бірақ, сахаба бәрібір сол удың әсерінен бір жылдан кейін қайтыс болады. Кейбір риуаяттарда сол жерде қайтыс болған деп те айтылады.

Пайғамбарымыз ﷺ қойды улаған Зейнеп бинт Харисті шақырып:

– Бұл қиянатқа қалайша дәтің барды? – деп сұрайды. Ол да:

– «Егер хақ пайғамбар болса, бұл удың оған зияны тимейді, егер жалған пайғамбар болса, онда одан құтылатын боламыз» деп бұған бардым. Бірақ, хақ пайғамбар екеніңе көзім жетті, сол үшін иман еттім, – дейді.

Пайғамбарымыз ﷺ әйелді қоя береді. Бірақ, бәрібір Бишр бин Бәраның мирасқорлары «қанға қан» дауымен әйелді өлтірткізеді.

Бұдан шығатын қорытынды – махаббат, сүйіспеншілік және әдеп. Сахаба Бишр бин Бәра Пайғамбарымызға ﷺ деген ерекше ықыластан оның алдында артық, ыңғайсыз әрекетке бармады. Себебі, Пайғамбарымызға ﷺ деген ғашықтығы сонша, еттің улы екенін сезсе де, «Пайғамбарымнан ﷺ жаным артық па?!» деп уды балдай жұтуға барды. Өйткені, Пайғамбарымызға деген сүйіспеншіліктен туған әдеп уды балға айналдырды. Себебі, сахабалар Пайғамбарымызды ﷺ жанынан артық жақсы көргенде ғана кәміл иманға қол жеткізетінін жақсы біліп, іс жүзінде көрсете білген.

Ал біздің Алла Расуліне ﷺ деген махаббатымыз қаншалықты, Оның сүннеті алдындағы әдебіміз қаншалықты? Оқыған хадисіміз жүзеге аса ма? Көбінде құр оқып өте шығамыз. Құлақ аспаймыз… Пайғамбарымызға ﷺ құлақ аспаған соң, ол жүзеге аспайды.

Салтан СайранұлыСалтан Сайранұлы
9 лет назад 5922
0 комментариев
О блоге
0
251713 163 216 2798 119