10 пәтері бар АРДАГЕР!
10 пәтері бар АРДАГЕР!

9-мамыр сайын әулетімізбен бас қосатын дәстүріміз бар. Бұл жақсы дәстүрдің себепкерлері арамыздағы бәйтерегіміз, асқар тауымыз, мәуелі бақшамыз болған ардагер нағашыларым Әубәкір атам мен Дәку әжем. Биыл да бұл дәстүріміз, Аллаға шүкір, өз жалғасын тапты. Төскейде жүрген ағайынның басы берекенің бастауы болған екі қарттың төңірегінен табылды. Алла атам мен әжеме ұзақ ғұмыр берсін деп тілеймін, жан-жақта жүрген ағайынның басы ең құрығанда бір жылда бір рет қосылып тұру үшін.

Атам, Алла жазса, келесі жылы тоқсанның торқасына шығады. Бүгінде атам мен алтын құрсақты әжем 14 бала сүйіп отыр. Соның 4-і дүниеден озып, 10-ы өз алдына бөлек шаңырақ. Олардан да 36 немере, 33 шөбере көріп отыр, Аллаға шүкір.

Атам әкесінен 5 жастайынан жетім қалады. Балалық шағы өгіздің соңында соқамен жер жыртумен өтеді. Ал 18 жасында 1944 жылы (ақпанның 2-сі) әскерге аттанады. Сол барғаннан, өзінің айтуынша, 6 ай Орал-Кунгур деген жерден әскери дайындықтан өтіп, Румыния, Франкфурт, Потсдам қалаларына жөнелтіледі. Бірақ, бұл қалаларда не істегенін атамыздан қанша сұрасақ та, еш нәрсе айтқысы келмейді. «Қайтесіңдер, әйтеуір, аман-есен келдік қой» дейді де қояды. Омырауындағы жарқыраған төсбелгілерінен армия генералы Чуковтан алған «Гвардейский значок», қару-жарақты жақсы меңгергені үшін подполковник Семиковтан алған «За отличный пулеметчик» төсбелгісін көресің...

Қартайған адамға ауру-сырқау үйір ғой. Жиі ауырып, шипаханаға (аурухана) жиі барып тұруға тура келгендіктен атам мен әжем 130 шақырымдық ауылдан, Қарағанды облысының Саран қаласында тұратын қызының үйіне тіркеліп, сол жерден дәрігерге қаралып тұратын болды. Саран қаласында бір ғана 9 қабатты үй бар. Қыз бен күйеубала сол 9 қабатты үйдің дәл 9-қабатында тұрады. Баяғыда бұл үйді саларда құрылысшылар лифтіні де ескеріп, оның да орнын салып кеткен екен. Бірақ соны іске қосып кетуді ұмытып кеткен секілді. Мен ес білгелі ол лифтінің есігі бір ашылған емес.

Атам әйтеуір тың, 9-қабатқа әлі күнге дейін әупірімдеп болсын өзі шығып, өзі түседі. Ал әжемнің 9-шы қабатқа шықпақ түгілі, «домаланып» өзін өзі алып жүруі де мұң боп тұр. Сондықтан да, ауылға қайта оралуына тура келді. Шалы бәйбішесін жалғыз тастасын ба, қаншама жыл бір жастықта қартайған ол кемпірінің жанынан бір елі қалмайды.

Қарт адамдардың ұзақ жолды көтерулері де барған сайын ауырлай береді ғой. Кейде атам мен әжемнің ем-дом үшін сонау ауылдан қалаға бейнеттеніп келіп-кетіп жүргенін көргенде балалары «шіркін, үкімет бір жарылқап, қаладан шағын бір пәтерге қол тигізсе ғой» деп армандап қояды. Сонда атам: «Әкемнен бес жасымда айрылдым. Сондықтан да, біз анадан туған үшеу ғана болдық. Біздің кезімізде маңайыңдағы балалар 9-10 ағайынды боп жүргенде біздің үшеу ғана болғанымыз бір үйдің жалғызы ғана болғандай сезім қалдыратын. Бірақ, Алла Тағала маған 14 бала нәсіп етті. Менің Аллаға шүкірден басқа айтарым жоқ. Бұ дүниеде одан басқа ештеңе керек емес» деп, біздерге ғибрат болатын, бар ғұмырымызға жететін өсиетін айтады.

Бүгінде пәтердің жоқтығы мен күн көрістің қиыншылығын сылтау етіп, 1-2 баламен ғана шектелетін, осылайша «қой егіз туса, шөптің басы айыр шығатынына» сенбей, Алланың «әр-Раззақ» есіміне күмән келтіретіндер үшін атамның осы сөзін айтқым келеді.

Есесіне, қараңызшы, бүгінде оны он жақта шаңырақ тіккен балаларының үйі атам мен әжем үшін 10 пәтерге есеп. Бұл заманда қай қарттың «10 пәтері» бар? Кейбірінің 10 пәтер тұрмақ, «бір пәтері» де жоқ. Сондықтан да, үкіметтің «Қарттар үйі» деген пәтерін паналайды. Бұл пәтерлерді паналап жүргендердің «1-2 пәтері» бар шығар, бірақ тым тарлық еткендіктен амалсыз осында тұруда.

Ендеше, ағайын, осы бастан кең-кең 9-10-нан «пәтерлер» «салып тастай беріңіз»... Кейін үкіметтің «Қарттар үйі» деген пәтеріне қарап қалмас үшін.

Ата, әже! Сіздер үшін біздің де есігіміз әрдайым ашық. Сондықтан да, «10 пәтерім» бар демеңіз, әзірге «36 пәтеріңіз» тағы бар деп есептеңіз. Бұнымен біткен жоқ, арттарыңызда тағы да «33 пәтердің кілті» келе жатыр. Оның да арты бар деп біліңіз. Тек Алла сіздерге ұзақ ғұмыр берсін деп тілейміз!

 

Атам мен әжемнің әулеті

Ұлы Отан Соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштегі атам мен әжемнің есімдері

 

Жеңіс күні, ұлы отан соғысы, Ардагер, 9-мамыр, 70 жылдық
Салтан СайранұлыСалтан Сайранұлы
9 жыл бұрын 4114
0 пікір
Блог туралы
0
251713 163 216 2798 119