Жарық дүние есігін ашқанымен жарық дүние көрмеген жандардан хабарыңыз бар ма? Диана сондай жанның бірі. Осыдан бес ай бұрын анасының тас емшегін жібітіп, тар құрсағын кеңітіп жарық дүниеге шыр етіп келгенімен, тас түнектің ішіне топ ете түскендей болады... Себебі, туғанынан көзі көрмейді... Диагнозы – туабітті катаракта және микрофтальм, яғни көз алмасының жетілмей, кішкентай күйінде өспей қалуы. Диананың ата-анасына дәрігерлер тезірек операция жасамаса, өмір бойы соқыр боп өтеді депті. Ал мұндай операцияның құны 8 мың доллардың шамасы екен.
Әке-шешесі мен ата-әжесі Диананы алып Түркияға операция жасатуға келді дегенді естіген соң мен де ауруханаға бардым. Туғалы анасының жүзін көре алмаған жанды көргім келді... Өзіңіз елестетіңізші, жарық дүниеге келіп тұрып, жарық дүниені көрмеу, туған анаңды көре алмау қандай қасірет? Ол тұрмақ, асарын асап, жасарын жасап, қарттығы таяп, жанары жасып, көруден қалған ата-әжелерімізді көргеннің өзінде оларға деген аяныш сезіміміз туып жатады... Ал Диана не көрді? Көру үшін келмей ме адам дүниеге? Көз көрмеген соң бұл дүниенің қандай да бір қадірі бар ма? Әлем толы қазына ұсынса да, қос жанарыңызға айырбастар ме едіңіз? Көр соқыр боп көрмегендіктен көздің құны мен қадірін жете түсіне алмаспыз. Сондықтан да, шүкірсізбіз, бастағы көз көргенімен көкіректегі көзді ғапылдықтың шелі басқан. Біздің халімізді бізден артық білетін Жаратушы Иеміз сол себепті де: «Сендерге құлақ, көз, жүрек бітірдік, сонда да шүкір етулерің тым аз!» дейді Қасиетті Құранда (Мүминун сүресі, 78-аят).
Операцияға кірместен бұрын сәбиді бір көрейінші деп жатқан палатасына бардым. Сүйкімді сәби ұйықтап жатыр екен. Бұл бүлдіршінге әзірге ұйқы артық шығар дедім, іштей. Ұйқыда, бәлкім, түс көрер. Ал ояу кезінде не көрсін?
Балаға қарадым да Түркияға алғаш келгенде өзім үшін жасаған бір тәжірибемді еске алдым.
Университетте жүрген кезім. Түскі асқа асханаға барсам, көздеріне қара көзілдірік киген, бір-бірін қолтығынан сүйеп, демеп ұстаған бірнеше қыз-жігіттерді көрдім. Бірі жанындағылардың жәрдемімен тамаққа кезекке тұрса, бірі тамағын алдына алып түстенуге отырып жатыр. Сөйтсе, көзілдіріктің әр жағы көзге түртсе көргісіз қараңғылық екен. Құдды, соқыр адамдай, біреуі қасығын таба алмай үстел сипалап отырса, енді біреуі қабырға жағалап жүр. Әйтеуір, біреудің жәрдеміне мұқтаж, тек басына еш тірлік тындыра алар емес.
Шын мәнінде, көзілдірік кигендер соқыр емес. Зағиптардың жағдайын түсіну үшін және өзгелердің де назарын соқырлар қауымына аудару үшін әдейі осындай акция ұйымдастырыпты. Яғни, «бір күн соқыр бол да, соқырдың да жағдайын түсін» деген секілді. Бұл шара менің де қызығушылығымды арттырды. «Маған да неге бір сәт соқыр болып көрмеске?» дедім.
Дедім де, үйге барып көзімді мен де таңып тастадым.
Зағиптың күйіне түстім.
Айнала қап-қараңғы… Жарық дүние әп-сәтте қап-қара түнекке оранды. Күннің сәресі ме, бесін әлеті ме, намаздыгер ме, жоқ әлде намазшам ба, біліп болмайсың. Сен үшін барлығы айсыз қара түн. Біраз уақыттан кейін бойды үрей мен қорқыныш билей бастайды екен. Айналаңда адамдар жүрсе де, өзіңді қапастағы жалғыздай сезінесің. Ілгері қадам басуға қорқасың. Сүйенер сырық, таянар таяқ жоқ. Әйтеуір біреудің көмегіне мұқтажсың. Біреудің сүйеуінсіз, біреудің жәрдемінсіз жан баға алмайтын жарым адамның күйіне түсесің.
Балаңның сыңғыр күлкісін естисің, бірақ жарық жүзін көре алмайсың. Жарыңның жарқын жанарына қарағың келеді, бірақ қарай алмайсың. Құдай-ау, туғаннан соқыр жандар туған анасының жүзін көруге қалайша зар болып жүр екен? Мұны ойласаң, құйқаң шымырлайды. Зағиптардың ішіндегі зарын сыртына төңкерсең, запыраны дүниені шарпиды-ау.
Сенде көзіңді уақытша байлағандықтан, жарық дүниені көру сенімі бар ғой, ал иненің жасуындай да саңылауы жоқ көр соқырларда бұл жарықты көремін деген үміт те жоқ қой.
Екі көз… екі жанар… Алланың адамға берген ең құнды нығметтерінің бірі екен. Әшейінде қадіріне жете бермейтін көздерді көрге айналғанда түсіне бастайды екенбіз-ау. Қазақ су қараңғы соқырды «көр» деп бекер айтпапты ғой. Көрдегі жағдайды татпаса да, бір сәтке көрге түсіп шыққандай күйді кешеді-ау бұл зағиптар дедім өзіме.
Көзсіз небәрі үш-ақ сағат жүре алдым. Одан әрі шыдай алмадым. Жарықтық, жарық дүниені көріп жүргенге не жетсін. Көзді сау жаратқаны үшін Аллаға сансыз шүкір айттым. Әрине, бұл шүкірім де аз…
Міне, бұл тәжірибеден кейін Диананың хәлін аз да болса сезінгендеймін. Алла Тағала Дианаға жанар сыйласын деп палатасынан шықтым. Сәбиді де операцияға алып кетті. Бір жарым сағатқа созылған операция да бітті. Әке-шешесі де, ата-әжесі де қобалжуда. Атасы Бахтияр Құдайназаровты сөзге тарттым бұл арада.
– Алла ұшықсыз етсін, аға!
– Әмин.
– Немереңіз көріп кетсін деп біз де тілеп отырмыз.
– Рахмет. КӨРІП КЕТСЕ, ЕКІНШІ РЕТ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНДЕЙ БОЛАДЫ ҒОЙ...
Атасының бұл сөзі көздің құны қаншалықты екенін дөп басқандай болды маған. Екінші рет дүниеге келу... Тағы бір туу...
Операция бітісімен қалай өткені жайында білгім келіп дәрігерге жолықтым. Метин Үнал мырза бұл операцияның осыған дейін жасаған операциялардан ең күрделісі болғанын айтты. «Балада екі көзінде де туабітті катаракта және микрофтальм, яғни көз алмасы өте кішкентай болғандықтан ең күрделі операциялардың бірі болды. Оның үстіне бұл неғұрлым ерте жасалуы тиіс операциялардың бірі. Себебі, 6 айдан кейін жасалса, бала бара-бара бәрі-бір соқыр болады. Себебі, бала ұзақ уақыт көрмегендіктен мидың көру орталығына сигнал бармай, соның себебінен ол орталық жетілмей, біржолата көзді көру қабілетінен айырады. Операциядан кейін бала көзілдірік киетін болады. Себебі, баланың көзі жетілмегендіктен, кішкентай болғандықтан көзіне линза қойылмады», – деді дәрігер. Алла Тағаланың жаратқан осынау бір қарашығына жасалған операцияның 8-9 мың долларлық құны былай тұрғанда, қаншалықты күрделі екенін де дәрігердің өз аузынан естуім менің тағы бір шүкір айтуыма түрткі болды.
Осыншама баға жетпес көздің құнын Алла Тағала бізден талап етіп жатқан жоқ. Талап етсе де оның құнын өтер байлық бұл әлемде жоқ. Қанша жыл ғибадат қылсақ та көздің құнын өтей алмаймыз. Алла Тағала тек қана бізге «шүкір ет!» дейді. Шүкірімізге де Алла мұқтаж емес. Шүкір де өзіміздің игілігіміз үшін, негізінде.
Шымкенттің Сарыағаш ауданынан келген бұл қандастарымызға «Ерсой» ауруханасы операцияны бастан-аяқ тегін жасады. Бәлкім, шүкіршіл, қанағатшыл құл осындай болар дедім. «Адамға рахмет айтпаған Аллаға шүкір етпейді» деген Пайғамбарымыздың хадисі еске түсіп, кішкентай Дианаға осындай игілік жасап жатқан аурухана басшылығына алғыс айту – азаматтық борышым деп білдім.
«Ерсой» ауруханасының басқарма төрағасы Доктор Алааттин Ерсой мырзаға кіріп шықтым. «Түбіміз бір түркі жұрты болғандықтан денсаулық саласында мұндай жәрдемдер жасауды бір борышымыз деп білдік. Қазақстан ғана емес, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан секілді түркі мемлекеттерінің азаматтарына да алдағы уақытта арзан қызметтер көрсетуді көздеп отырмыз. Бабамыз бір болғандықтан ұрпағы бауырлық қолын созуы тиіс деп білдік. Ең маңыздысы әрі қуаныштысы періштедей пәк сәбиге анасының жүзін көру бақытын сыйлауға себеп болу мәртебесін нәсіп еткен Аллаға шүкір айтамыз...», – деді Алааттин Ерсой мырза. Міне, бұл да Алланың берген нығметіне шүкірдің бір түрі болса керек...
Дәрігерлер операциядан кейін бір сағаттан соң Диананың көзін ашты. Операцияға дейін бес сағат бойы нәр татпай, шырылдап жылап жатқан сәби көзін ашқанда жылауын сап тиды. Бұл оның «екінші рет дүниеге келуі» еді. «Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып» деуші еді Қадыр Мырза-Әли. Бірақ, Диананың бұл жолғы «дүниеге келісі» өзгеше болды.
Алла Диананың көзіне нұр сыйласын!
Ал бізді шүкірден айырмасын!
Алла ең бастысы КӨКІРЕК КӨЗІМІЗДІ көр қылмасын!..