ҒАЙБАТТЫҢ САСЫҚ ИІСІН СЕЗБЕУІМІЗДІҢ СЕБЕБІН БІЛЕСІЗ БЕ?
ҒАЙБАТТЫҢ САСЫҚ ИІСІН СЕЗБЕУІМІЗДІҢ СЕБЕБІН БІЛЕСІЗ БЕ?

Қарағандыдан Шет ауданына қарай ұзап шыға бергенде Құрма құс фабрикасының жанынан өтесіз. Бұл құс фабрикасынан шығып жатқан иістің адам шыдай алмастай сасық екенін сол жолмен жүріп жүргендер жақсы біледі. Көлігіңнің терезесін қанша бекітсең де ішке кіріп кететін иістің сасықтығы сонша адамның жиіркенішін туғызып, лоқсытып, құсқысын келтіреді. Бірақ, соның ішінде жұмыс істеп жүрген адамдарға бұл үйреншікті бір иістей болып кетеді екен. Оны құс фабрикасында жұмыс істеген досым айтады.  Ұзақтау жерде тұрып, жолға жетіп жатқан құс фабрикасының сыртындағы иісі ішіндегі иіспен салыстырғанда түк болмай қалады екен. «Ішіндегі өліп, құрттап кеткен тауықтардың, шіріп, жарылып қалған жұмыртқалардың иісін айтсаңшы» дейді досым. Бірақ, сондағы осыларды жинап, тазалап жүретін қызметкерлер сол иістің ортасында отырып еш жиіркенбестен тамағын ішіп, шаруасын істеп жүре береді екен. Былайша айтқанда, сол иістің ортасында біраз тұрған соң, ол иіс оған жат болудан қалатын көрінеді. Оны өзіміз де ауылдан білеміз. Ауылда жаз шыға қойдың қиын ою ісі басталады. Қи ойыла бастаған қораға алғаш кіріп қалсаң, қидың иісінен мұрының тұрмақ, көзің ашып кетеді ғой. Бірақ, білекті сыбана іске кірісіп кеткен соң бағанағы мұрныңды тыжырайтқан қидың иісі үйреншікті бір иіске айналады. Тіпті отырып алып «шіркін, қидың иісін-ай, әлі-ақ бұл иісті қалада жүріп сағынасың ғой» деп әңгіме айтамыз ғой. Сол секілді біздің құсқымызды келтіретін құс фабрикасындағы иіс сондағы қызметкерлерге әдеттегі бір иістей болып кетеді екен.

Ғайбаттың иісі қандай?

Осыны ойлап отырып мына бір дүниелер еске түсті...

Жәбир бин Абдуллаһтан (р.а.) жеткен мына бір хадисте былай дейді: «Пайғамбарымыздың кезінде өте сасық бір иісті жел есті. Пайғамбарымыз : Бұл ненің иісі екенін білесіңдер ме? – деп сұрады да, – Мұнафиқ екіжүзділер мү’мин мұсылмандарды ғайбаттады. Бұл соның сасық иісі, – деді». 

Осы хадистен ғайбаттың да сасық екенін және ғайбаттаудан сасық иіс бөлінетінін білдік. Ғайбаттың иісі өлексенің иісінен де сасық. Оны зина жасап, жазасын беруді қайта-қайта өзі сұрап келген Маиз бин Мәликтің оқиғасынан білеміз. Маиз бин Мәлик зина жасап, Пайғамбарымызға  төрт рет келіп күнә жасағанын және осы күнәсі үшін жазалауын сұрайды. Пайғамбарымыз  әр келгенінде жүзін бұрып, қоймаған соң төртіншісінде оған өзі сұрап тұрған жазасын беріп, оған тасборан жаудыртуды үкім етеді. Сол оқиғада бір адам жан тапсырған Маиз бин Мәликке қарап тұрып қасындағы досына: «Иттің аяқ-астынан өліп қалғанындай  өлді» дейді. Пайғамбарымыз  бір күні бір өлексенің жанынан өтіп бара жатады. Маизге әңгіме қылған әлгі екі адам да қасында еді. Пайғамбарымыз  соларға қарап: «Мына өлексені бөлісіп жеңдер!» – деді. Әлгілер де түсінбей: «Уа Алланың Елшісі , өлексені ме?» деп сұрайды. Сонда Алланың Елшісі : «Екеуіңнің мұсылман бауырларыңның мәйітінен жеген дүниелерің бұл өлекседен де сасық, жиіркенішті», – дейді (Имам Ахмад).

Демек, ғайбаттың иісі өлексенің иісінен де сасық, өлекседен де жиіркенішті.

Бірақ қазір бұл иіс неге шықпайды?

Осы сұрақты бір хакімге қояды екен. Әлгі хикмет иесі хакім былай деп жауап береді:

«Күнімізде ғайбаттың көбейген соншалықты мұрындар бұл иіске толып қалды. Міне, сол себепті бұл сасық иісті адамдар енді ажырата алмайды». 

Дәл құс фабрикасындағыдай жағдай. Құс фабрикасындағы адамдар үшін сасық иіс қалайша үйреншікті боп қалса, біз үшін де ғайбаттың иісі үйреншікті бір иіс боп, ғайбаттың сасығын ажырата алмайтындай халге жеттік.

Ғайбат деген не?

 Құран Кәрімде Алла Тағала: «Бір-біріңді ғайбаттамаңдар! Қайсыбірің болмасын өлген бауырының етін жегенді қалай ма? Әрине, бұдан жиіркенесіңдер! Ендеше Алланың азабынан қорқыңдар! Расында Алла Тағала құлдарының тәубесін қабыл етуші, ерекше мейірімді», – деуі арқылы құлының тәубесін қабыл алатынын айтады.

Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадис:

Бір күні Пайғамбарымыз  сахабаларына:

  • Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме? – деп сұрайды. Сахабалары:
  • Аллаһ және Оның Елшісі жақсы біледі, – дейді.

Әдетте Пайғамбарымыздың  бұлай сұрақ қоюы бұл мәселенің аса  маңызды әрі айрықша көңіл бөлуіміз керектігін білдіреді. Сол үшін халықтың назарын, көңілін жинақтау мақсатында жамағатқа осылай үн қатқан. Сондықтан да, Пайғамбар үмбеті болған біз де бұл ғайбат мәселесіне аса мән беріп, барынша сақтануымыз қажет.

Сүйікті Пайғамбарымыз әрі қарай сөзін жалғап:

  • Ғайбат – дін бауырыңды сүймейтін, ұнатпайтын, көңіліне жақпайтын нәрсесімен еске алуың, – дейді. Сонда сол жерде отырған сахабалардың біреуі:
  • Егер, айтылған айып ол бауырымның бойында болса ше? – дейді. Бұған Пайғамбарымыз :
  • Егер айтылған айып ол бауымыздың бойынан табылса, ғайбаттағаның, табылмаса, жала жапқаның, – деп жауап береді.   
Алла тағала, күнә, ғайбат, Пайғамбар с.а.у., Ғайбаттау, Адам етін жеу
Салтан СайранұлыСалтан Сайранұлы
8 жыл бұрын 5437
0 пікір
Блог туралы
0
251713 163 216 2798 119