Халифа Осман Құранының Қазақ даласын басып өткенін білуші ме едіңіз?
Халифа Осман Құранының Қазақ даласын басып өткенін білуші ме едіңіз?

Бүгінде әр шаңырақтың төрінен табылатын Қасиетті Құран Кәрім бүгінгі күнгідей жинақы, тап-тұйнақтай кітап болып түсе салмағанын бәріміз білеміз. Оның бас-аяғын құрап, кітап қып жинақтау, бір араға келтіріп, көбейту ісі саңлақ сахабаларға нәсіп етілген еңбек болды.

Пайғамбарымыздың  кезінен біртіндеп келген уахи жіңішке жалпақ тастарға, құрма жапырақтарына, жауырын сүйектеріне, маталарға, тақтайларға, пергаментке, иленген терілерге жазылып басталып, Төрт Шадиярдың бірі Хазіреті Әбу-Бәкір Сыддықтың (р.а.) кезінде жинақталса, Қос Нұрдың иесі болған Хазіреті  Османның (р.а.) кезінде көбейтіліп, таратылады.

Көбейту ісі үшін сахаба Зейіт бин Сәбиттің (р.а.) төрағалығымен арнайы комиссия құрылады. Осылайша көбейту ісі басталып, тура 5 жыл дегенде бітеді. Түрлі деректерге байланысты көбейтілген Құран кітабының саны 6 немесе 7 болғандығы риуаят етіледі. Бұлардың біреуі Мәдинада қалады да, қалғандары Мекке, Куфа, Басра, Шам, Йемен және Бахрейнге жіберіледі. Бұл мұсхафтардың төртеуі соғыс, тағы басқа осы секілді жағдайларда өртеніп, жоғалып кеткен, ал қалған үш Құран бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Оның бірі Түркияның Топкапы Сарайында тұрса, екіншісі Лондонның Британ кітапханасында. Ал үшіншісі Ташкенттің Көне жәдігерлер мұражайында. Осы Құранды «Осман Құраны»  дейді. Олай деуінің себебі, бұл мұсхаф Хазіреті Османның өзі оқыған Құраны және осы Құранды оқып отырған кезінде өлтіріліп, шейіт болады. Сол себепті Құранның парақтарында Османның қан іздері қалған.

Міне, дәл осы «Осман Құраны» қазақ жерін бір емес, екі басып өтеді. Хазіреті Османның (р.а.) шейіт болғанына куә болған Құранға қазақтың даласы куә. Османның қанын көтеріп өткен бұл Құранға қазақтың топырағы төселіп жол болған!

«Осман Құран» бұл топырақтарға қалай келген? Халифа Осман (р.а.) шейіт болғаннан кейін бұл Құранды Хазіреті Әли (р.а.) өзімен бірге Куфаға алып кетеді. Ал Куфадан, кең тараған деректерге қарағанда, Құранды Әмір Темір қолға түсіреді. 1402 жылы Анадолыға жорыққа аттанып, Османлы падишаһы болған Йылдырым Баязитті тұтқындап әкеткен Әмір Темір қайтар жолында Куфа арқылы өтеді. Міне, бұл «Осман Құраны» Әмір Темірдің қолына сол кезде түседі деген дерек бар. Осылайша бұл мұсхаф Самарқандқа келеді. Бұл жерде Құран 19 ғасырдың ортасына дейін болады. Осы кезде Ресей империясының патшасы ІІ Александр Бұқараға шабуыл жасайды. 1868 жылы Генерал Фон Кауфманның қолбасшылығымен орыс әскерлері Самарқандты жаулап алады. Сөйтеді де, Самарқандты Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына алады да Зеравшан округінің орталығы етеді.

Бұл кезде Осман Құраны 15 ғасырда өмір сүрген сопылық тариқаттың шейхы Қожа Ахрор мешітінде болған екен. Зеравшан округінің генерал-майоры А.К. Абрамов бұл Құранға қызығушылық танытып, подполковник Серовқа одан айырылып қалмай тұрғанда қолға түсіруін тапсырады. Сөйтеді де, ол Құранды Ташкентке, Түркістан өлкесі генерал-губернаторы фон Кауфманға жібереді. Фон Кауфман құнды жәдігерді 1869 жылы 5 қарашада Санкт-Петербургтегі халықтық ағарту министрлігіне «Императорлық көпшілік кітапханасына сыйға тартсын» деп хат жазып жібереді. 1917 жылғы революциядан кейін халықтық комиссарлар кеңесінің 19 желтоқсандағы қаулысы бойынша «Осман Құраны» Петроград ұлттық округінің өлкелік мұсылмандар съезіне, одан кейін Уфадағы Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне беріледі. Құранның Уфада тұрғанын білген Түркістан округі мұсылмандары жәдігерді өздеріне қайтаруларын сұрайды. Осылайша 1924 жылы Осман Құраны Орынбор арқылы Ташкентке (Орынбор-Ташкент темір жолы арқылы) жіберіледі. Орынбор ол кезде еліміздің астанасы болатын.

Міне, Ташкенттен Ресейге, Ресейден Ташкентке өткен кезінің бәрінде «Осман Құраны» қазақ топырағын басып өткен. Бұны біз мақтанышпен айта аламыз. Ендеше бүгінде Орта Азияның «жауһарына» айналған, сымбатты сәулетімен Елордамызға көрік беріп тұрған «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі Елбасымыздың тарту еткен күміс «Осман Құраны» құнды жәдігердің қазақ топырағын басып өткен тарихи сапарынан қалған ескерткіш деп білуіміз керек. Және де бұл тарихты сол «Күміс Құранның» тұсына жазып та қоюымыз керек шығар...

  

ислам, дін, Осман ибн Аффан, Құран Кәрім, Осман Құраны, Күміс Құран, Әзірет Сұлтан мешіті
Салтан СайранұлыСалтан Сайранұлы
10 жыл бұрын 7221
2 пікір
Блог туралы
0
251713 163 216 2798 119