НӘПСІСІНЕ АЛДАНҒАНДАР...
НӘПСІСІНЕ АЛДАНҒАНДАР...

Имам Ғазали өзінің «Кимия ус-Сағадат» кітабында нәпсісіне алданған байлар жайлы сөз етіп, оларды 4 түрге бөліп қарастырады.

Бұлардың біріншілері, мал-мүлкі мен байлығын мешіт, жол, көпір секілді қайырлы істерге жұмайтындар. Алайда, бұл байлар зұлымдықпен біреудің малын тартып алып, жемқорлықпен байып, алаяқтықпен жағдайын жасап, жетімнің малын жеп, харам жолмен байығандар. Мұндайлар сауапқа кенелгеннің орнына күнәға белшеден батқан боп шығады. Себебі, мұндай жандарға әуелі ақысына кірген адамдардың ақысын қайтару – парыз.

Екінші топ байлар адалынан мал тауып, қайырымдылық жолында мал жұмсайтындар. Бірақ, бұлардың мақсаты мен ниеттері Алланың разылығы емес, өзгенің мақтауы мен мадағы үшін болады. Бай десін, жомарт десін деп қайырымдылық қылатындар да нәпсісіне алданғандардың қатарында.

Үшінші топтағы байлар болса, адал жолмен тапқан малын ықыласпен, Алланың разылығы үшін жұмсайтын жақсы ниетті жандар. Алайда, бұлар мал-мүлкін ең негізгі қажеттіліктер мен мұқтаждықтар үшін емес, мешіттің әсемдігі мен безендірулері, былайша айтқанда «еуроремонты» үшін жұмсайтындар. Бұл – ысырап болып саналады. Бірақ, өздері мұнысын үлкен бір іс деп есептейді. «Мұның екі түрлі зияны мен жаманшылығы бар», – дейді Имам Ғазали:

1. Ондай мешіттерде намаз оқығандардың жүректері мешіттің әшекейінен бір арнаға шоғырлана алмай, алаң-елең болады.
2. Дүние олардың назарларында әсем көрініп, тура осындай әшекей мен ысыраптың өз үйінде де жасалғанын қалай бастайды.
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):

«Мешіттерді әшекейлеп, безендіретін болсаңыздар, Құран Кәрімді алтынмен аптап, күміспен қаптайтын болсаңыздар, дүниені сүйе бастағандарыңыз», – деген. Ақиқатында мешіттер ішінде ықыласпен және бойұсынушылықпен оқылған намазбен ғана әсем болмақ.

Төртінші топтағы байлар садақа беретіндер, алайда садақаны жасырын емес, әркім көрсін, білсін деп өзін жарнамалау және өзгелерден жақсы ілтипат көріп, алғыс есту үшін беретіндер. Бұлар да нәпсілеріне алданғандар.

Бүгінде қоғамымызда мұндай байлардың барлық түрін де кездестіруге болады.

Ой салатындай-ақ екен...

https://www.instagram.com/saltan_sayranuly/ 

Салтан СайранұлыСалтан Сайранұлы
2 жыл бұрын 7108
0 пікір
Блог туралы
0
251713 163 216 2798 119