Сүлеймен Пайғамбардың мұғжизасы мұғжиза болмай қалды...
Сүлеймен Пайғамбардың мұғжизасы мұғжиза болмай қалды...

Блогымнан қалам үзіп қалғалы біраз болыпты. Оның да өзіндік себептері бар шығар. Оқу жылының соңы, емтихан қарбаласы, одан соң елге қайтуға дайындық, елге келген соң да әке-шеше, ағайын-туысқа жетіп, көзайым болу бар. Бұдан соң Рамазан да басталып кетті. Отыз күн оразаны толықтай ауылда өткізуім алғаш рет. Ауылдағы күйбең тіршілік бір бітпейді ғой. Қыстың қамы жазда басталады, ал қыстың қысқа уақыты қора мен үйдің арасында өтіп кетеді. Сондықтан да, ауылда интернетке кіріп, «соткаға» шұқшиып отыратын уақыт таппайсың. Кешкісін жиналып қалған хаттарды бір шолып өтейін деп телефоныңды қолға алсаң, әкең де «соткаға шоқынбай, тастаңдар әрі» дейді. Міне, осылайша уақыттың қадірін ауылда жүріп түсініп, бір айдан астам уақытты көзді ашып-жұмғанша өткізіп алыппыз.

Уақыттың қадірі демекші, Пайғамбарымыз (с.а.у.) «адамзат екі нәрсенің қадірін білмейді» дейді ғой: бірі – денсаулық, екіншісі – осы уақыт. Бүгінде кітапханаларда Ислам ғұламаларының том-том боп тұрған небір еңбектері бар. Ол заманда қазіргідей компьютер де, интернет те жоқ, майшаммен отырып қауырсынды сиясауытқа бір малып, бір алып жазғандағы қаншама том еңбектерін біз өмірімізде оқып тауыса алмай жатырмыз. Алла Тағала оларға да 24 сағат уақыт берген, бізге де сол 24 сағат. Алла Тағала тіпті бізге бұл уақытты олардан да «кең етіп» берген. Олар ілім алу үшін Бағдат, Куфа, Шамға айлап-жылдап жол жүрген. Ал біз санаулы сағаттарда-ақ дүниенің кез-келген бұрышына ұшақ арқылы жетіп барамыз. Олар бір кітапқа қол жеткізу үшін жылдап жүріп сарғая күтетін, біз болсақ интернеттің көмегімен қай кітапханадан, қай дүкеннен болсын кез келген кітапты тапсырыс беріп, санаулы күнде-ақ алғыза аламыз. Тіпті электронды нұсқасын санаулы секундтардың ішінде-ақ компьютерімізге жүктей аламыз. Олар бір ұстаздан дәріс алу үшін қаншама ай жүріп жететін. Ал біз үйде отырып-ақ онлайн-дәрістерден қалаған ұстазымыздан дәріс тыңдай береміз.

Осының бәрін ойлап отырсақ, Сүлеймен Пайғамбардың (а.с.) мұғжизасы түк болмай қалған заманда өмір сүріп жатыр екенбіз. Алла Тағала Сүлеймен Пайғамбардың қолына Жер Әлемнің билік тізгінін беріп қойған. Жүгірген аң да, ұшқан құс та, айнала қоршаған табиғат та, тіпті көзге көрінбейтін жындар да Сүлеймен Пайғамбардың алдында «ләббай, тақсыр!» деп тұратын. Жындарды жегіп «тастан сарай салғызды» (Ыбырай Алтынсарин), құстарды жіберіп «айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды» (Ы.А.), желді өзіне бағындырып, «мың шақырымдық жерлерге күн жарымда барғызды» (Ы.А.). Міне, осының бәрі Сүлеймен Пайғамбарға берілген, сол дәуірде адам нанғысыз мұғжиза еді. Ал бүгін бұл мұғжизалар мұғжиза болмай қалды. Алла Тағала Пайғамбарына берген бұл нығметті бүгінгі таңда сіз бенен бізге беріп отыр. Бірақ, біз бәрібір осы нығметтің қадірін түсінетін емеспіз. Неге?

Қой, кеш боп кетті, жатайын, таңертең ерте тұру керек... Шаруа көп...

Айтпақшы, адамды өлгенде ғана «шаруасы бітті» дейді екен ғой... 

уақыт, Сүлеймен пайғамбар, мұғжиза, 24 сағат
Салтан СайранұлыСалтан Сайранұлы
9 жыл бұрын 6071
3 пікір
  • Жазып турыныз, окырмандарыныз сизди сагынып калды!
    9 жыл бұрын
  • Бірақ сонда да ол кісілердің мұғжизасына тең келер нəрсе əлі жоқ бұл дүниеде. Ұқсасы болмаса
    9 жыл бұрын
  • cол компьютер, интернет жоқ болғаны үшін мұғжиза болып тұр емес пе
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
251713 163 216 2798 119