САУАП ІЗДЕГЕНДЕР, САУАП БІЗДІҢ АУЫЛДА! (ФОТО)
САУАП ІЗДЕГЕНДЕР, САУАП БІЗДІҢ АУЫЛДА! (ФОТО)

بسم الله الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ

2014 жылдың қаңтар айындағы статистикасына бойынша, Түркияда 84 мың 684 (!) мешіт бар екен. Бұл елдегі мешіт саны ең көп шаһар – Ыстамбұл. Бір ғана Ыстамбұлдың өзінде 3 мың 190 мешіт бар. Ал екінші көп мешіті бар қала – Хазіреті Жәләләддин Руми (Мәулана) жатқан Коня қаласы. Бұл шаһардағы мешіттердің саны ­– 3 мың 87. Бұлардан кейін Анкара (2 мың 875), Самсун (2 мың 639), Кастамону (2 мың 577) қалалары орын алады.

Ал осыдан екі жыл бұрынғы мәлімет бойынша, Қазақстандағы мешіттердің саны 2 мың 320 болған екен. Бұл санды Дін істері жөніндегі мемлекеттік агенттіктің сол кездегі төрағасы Қайрат Лама-Шәріптің аузынан естіген едік. Әрине, одан кейін екі жыл өтті, бұл уақыт ішінде елімізде тағы біраз мешіт ашылғанын білеміз, десек те, аз... Себебі, елдегі өзін мұсылман санаған 75 пайыз халық үшін бұл сан көңіл көншітпейді. «Бес уақытта бес намаз біреуі қаза болмасқа» (Бұқар жырау) деген бабаның ұрпақтары қалалы жердің өзінде намазын емін-еркін оқи алмайтын халде. Оқу орындарының маңайында Құдайға құлшылық қылуға тыйым салынған, темір тордың әр жағында жазасын өтеп жатқандар тәубеге келіп жатса, ғибадатын қылсын, Құдайына қайрылсын деп салынған ғибадатханалар да қайта жабылды, «жалаңаш барып жауға ти, Тәңірі өзі біледі ажалымыз қайдан-дүр!» (Шалкиіз жырау) деп ұрандатқан Құдайға деген берік сенімдегі бабаларымыздың сарбаз ұрпақтарына әскери өмірде ғибадатқа рұқсат жоқ, вокзалдардағы намазханаларда «миғражға шығып келуің үшін» жолаушылық билетің болуы қажет.

Қысқасы, хал осы. Сондықтан да, елдегі мешіттердің саны қалай да артуға мұқтаж. Себебі, ғибадат-құлшылығын қылған, Құдайына бері тұрған, арсыздықтан ары тұрған елге, жерге бақыт қонады. Қаблиса жыраудың өлеңінде «Бақыт қайда барасың?» дегенде: «Сыйлай білген молданы, Діннің жолы қорғаны, Шуақты үйге барамын. Көршімен болған бірлігі, Тағат, ғибадат тірлігі, Ұйымшыл елге барамын. Тарауық намаз оқыған, Көңілге аят тоқыған, Ниетті елге барамын. Намазға қатар отырған, Тарауығын оқыған, Тыңдағалы барамын. Сәресі сахар ішетін, Хақ жолына түсетін, Сәресі ішуге барамын», – демей ме? Ал «Бақыт қайдан келесің?» дегенінде: «Ораза, намаз оқымас, Алланың атын тоқымас, Бейнамаздан келемін», – демеуші ме еді?

Несін жасырамыз, елімізде жұртқа жария боп шақырылған азаны жоқ ауылдар да бар. Сондай ауылдардың бірі біздің ауыл. Ауылымыз – Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Ақой ауылы. Екінші аты – «Просторное». Әйтеуір, кейін келе қазақшалап алдық. Кеңес үкіметі тарқамай тұрғанда ауылымыздан не керектің бәрін табушы едің. Екі қабатты еңселі балабақшасы қандай еді. Көпшілікке арналған кең моншасын ел әлі күнге дейін жыр қылады. Қашан жанынан өтсең бұрқырап наны пісіп жататын наубайханасын айтсаңшы. Әр үйге су келіп тұратын. Қорадағы малдың өзі автоматтандырылған су жүйесімен суғарылатын. Әрбір сиырдың алдындағы қос алақандай кесенің ішіндегі «тілді» тұмсығымен басып қалғанда су сау етіп келе қалатын. Тіпті, несін айтасыз, ауылдан өсірілген 3 ақбас бұқамыз салмағы жағынан тоннаға жуық тартып Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінен (ВДНХ) жүлделі орын алып келген еді. Ауылдың іші-сыртында тіз қатарынан тізілген небір техника болатын. Гүрілдеп тұрған қырманы... Қысқасы, таңға дейін айтсаң да, бітпейді ғой жыр-әні. Қазір бұл айтылғандардың бәрінің тек орнын ғана сипап қалып отырмыз.

Қой, Кеңес Үкіметінен ауылыма қайтайын. Сол ауылымызда сол кезде бәрі салынған да, мешіт қана салынбапты. Ол заңды да. Себебі, ол кезде ауылда негізінен немістер мен орыстар ғана еді ғой. Қазір таза қазақы ауыл болдық. Етек-жеңімізді жиып, басымызды енді көтеріп жан-жағымызға қарасақ, халық рухани азыққа, рухани дүниеге шөліркепті. Әйтеуір, әкемнің мектептегі балалардың басын қосып, жылына бір рет халыққа Мәуліт мерекесін ұйымдастырып беріп жүргені болмаса, көпшілікке арналған басқа діни уағыз-насихат, діни-рухани шаралар жоқ деуге болады. Бұл болмас деп, әкемнің мұрындық болуымен ауыл халқы осы Қасиетті Рамазан айында «бисмиллә» деп әкімдіктің ескі ғимаратын мешіт қылу үшін ғимараттың күрделі жұмысына бастап кетті. Әйтеуір, біреуі қаржылай, енді біреуі малдай, тағы бірі жұмыскерлердің қыстық жем-шөбін түсіріп беретін болып, барлығы шамасы келгенше жәрдемін аянып қалмай жатыр. Жұмыла кіріскен жүк жеңіл әрі көпте береке бар ғой. Мешіттің құрылыс-жөндеу жұмыстары ақырындап аяңдап келеді.

Жалпы, мешіт салудың сауабы қаншалықты үлкен екені жайында Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.у.) хадистерінен көреміз. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткен, намаз оқыған, зекетін берген және Алладан басқа ешкімнен қорықпайтындар ғана салады», – дейді (Тәубә сүресі, 18-аят).

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Кімде кім Алланың разылығын көздеп жер бетінде мешіт салса, Аллаһ Тағала оған жұмақтан бір үй салады», – делінген (Бұхари, Мүслим, Тирмизи, Ибн-Мәжә). Сондай-ақ, тағы бір хадисте: «Қандай да бір адамның мешітке қатысы барын көрсеңіз, оның мүмин болғанына куәлік етіңдер. Өйткені, Алла Тағала: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткендер ғана салады», – деген», – дейді (Тирмизи) Пайғамбарымыз (с.а.у.).

Жазбамның басында Түркиядағы мешіттердің санын неге мысалға келтірдім десеңіз, Түркияда мешіт салу жүйесі өз ретін тапқан. Мешіт құрылысына жылу жинауды халыққа да жүктейді. Яғни, мешіт салудың сауабынан халық та мақұрым қалмасын деп, олардың да үлесін ескереді. Сол үшін Түркияның Дін істері басқармасы әр жұма осы елдегі барлық мешіттерге ел бойынша салынып жатқан мешіт-медреселердің тізімін жібертіп, халықтан жылу жинатады. Әркім шама-шарқынша өз үлесін қосады, есесіне, сауабы ақыретте де жалғасады. Менің ойымша, бұл жақсы бір дәстүр. «Көп түкірсе көл болар» демекші, бәлкім, Түркияның мешіт саны жағынан осындай жетістікке жетіп отырғанына көптің де осы үлесі шығар.

Сондықтан да, сауап іздеген жұртқа сауап біздің ауылда да бар дер едім. Мешіті жоқ ауылға мешіт салудың қаншалықты сауапты іс екенін біліп жатқан көрші ауылдан да кеше қайырым сүйер бір жан «жұмыскерлер жесінші» деп еті мен бауырсағын пісіріп, сусынын ала келіпті, сосын «шамалы болса да көмегім болсын» деп қаржылай да жәрдемін ала келіпті. Сүйсіндім. Анам да: «Бұл да Алланың жәрдемі ғой», – деп сонау көрші ауылдан келіп жәрдем беріп жатқан жандарға риза болып қалды.

Мұндай сауапты іздеп жүріп алғылары келетіндер көп қой, жалпы. Сондықтан да, ондай жандарға «сауап мында да бар» деп көрсетпек боп жазып  отырмын осы жазбамды. Ертең «ауылыңда сауапты іс атқарылып жатқанда бізге неге естіртпедің, біз де сауап алар едік қой» деп ақыретте жағама жармаса ма, кім біледі?.. Сондықтан да, мен өз мойнымдағы жауапкершіліктен осылай құтылуды жөн көрдім. :)

Егер бұл жаңалықты кеш естіп, кешігіп қалып жатқандар болса, оған да қам жемеңіздер, жаңа мешіт саламын деушілер үшін де жер дайын тұр... :)

Салынып жатқан мешітіміздің суреттері: 

Салтан СайранұлыСалтан Сайранұлы
9 лет назад 8329
3 комментария
  • астарлап болса да талай жайтты аймадай етіп беріпсің, журалистік шеберлік
    9 лет назад
  • Сіздің ауылыңыздан мүлдем алыс жүргендер қалай көмектесе алатынын жазбапсыз?
    9 лет назад
О блоге
0
251713 163 216 2798 119
Прямой эфир