Олар қыздарын тірідей көмген надан, ал біз олардан жаман...
Олар қыздарын тірідей көмген надан, ал біз олардан жаман...

 

Арабтардың жәһилдік, надандық кезеңін еске алсақ, құйқамыз шымырлап, төбе шашымыз тік тұрып, шошынып, ұшынып, жаман бір хал кешеміз. Солай емес пе?

«Қызын тірідей көмгені несі?»

«Құдай-ау, қызын көзі тірісінде көрге тыққаны қалай? Неткен надандық!»

«Ұят», «намыс», «абырой» деп қызын қалайша өлімге қияды екен?»

«Кедейліктен қорқып бауыр еті баласын жүрегі шімірікпестен жардан қалай жыға салады-ей?», – деп жүрегіміз ауырып, жанымыз сыздап, қиналып кетеміз.

Тіпті, мұндайға бір түрлі сенгіміз де келмейді... Бірақ, қалайша сенбейсің? Құран да, хадис те бұған дәлел.

«Тірідей көмілген қыздан қай күнәсі үшін көмілгені сұралған сәтте...» деп келетін Құранның аяты бұны ашық баяндауда (Тәкуир сүресі, 8-9-аяттар).

Тіпті, бұл надандықтарын Пайғамбарымызға айтып келген адамдар да болған. Оны хадистерден білеміз.

Бірде Қайыс бин Асым есімді адам Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп, тірідей 8 қызын топыраққа көмгенін айтады да бұл әрекетіне өкініш білдіріп, Алла Елшісінен (с.а.у.) кешірімі қалай болатынын сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) әрқайсысы үшін бір-бір құл азат етуін бұйырады. Ол «түйелерім бар» дейді. «Онда бір-бір түйе құрбандыққа шал» дейді. Кейбір риуаяттарда Қайыстың 8 емес, 12-13 қызын тірідей көмгені айтылады. Бірде Қайыс соғысқа аттанып кеткенде аяғы ауыр келіншегі тағы да қыз туып, оның да тірідей көмілгенін қаламай, нағашыларына апарып тастайды. Ал күйеуіне бала өлі туды дей салады. Кейін бала сөйлейтін жасқа жетіп, үйіне шешесіне кіріп шығуға келеді. Өзінің қызы екенінен бейхабар Қайыс қыздың сүйкімділігі мен ақылдылығына таңғалып, «әйелінен кімнің қызы?» деп сұрап қалады. Әйелі де енді өлтірмес деген үмітпен көзіне жас ала болған жайтты бүкпесіз баяндап, өзінің қызы екенін жеткізеді. Сол сәтте Қайыс қызды дедектете жөнеледі де, қаланың сыртынан ор қазып, қызын сол орға жығып, көме бастайды. Жағдайдың не боп жатқанын түсіне алмаған кішкентай қызы: «Әкешім, неге топыраққа көміп жатырсыз? Мені жалғыз тастап кетпекшісіз бе?» деп жалбарынады. Бұған да қарамастан Қайыс қызының топырақ астында тұншығып, үні үзілгенше көме береді. Кейін Қайыс Ислам дінін қабылдап, бұл оқиғаны Пайғамбарымызға (с.а.у.) баяндап, тек осы қызға ғана жаны ашығанын айтады. Бұл оқиғаны естіген Пайғамбарымыз (с.а.у.) көз жасына ерік беріп, егіле жылайды (Табарани, Мужамул кәбир).

Тағы бір риуаятта бір адам Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп: «Біз жәһилдік заманының адамдары едік. Пұттарға табынып, балаларымызды өлтіретін едік. Менің бір қызым бар еді. Ес біліп қалған шағы еді. Қасыма шақыра қалсам, еркелеп, қуанып жетіп келетін еді. Бір күні қасыма шақырып, өзіммен ертіп әкеттім. Сөйттім де өзіміздің жақын бір жерде құдығымыз бар еді, сол жерге алып барып, қолынан ұстап тұрып, құдыққа тастап жібердім. Қызым да «Әкешім! Әкешім менің!» деп айқайлап барып құлады», – деп надандық кезіндегі оқиғасын айтып береді. Мұны естіген Пайғамбарымыз (с.а.у.) көз жасын тізгіндей алмайды. Маңындағылар: «Пайғамбарымызды ренжіттің ғой!», – деп келген адамды көтеріле сөге бастап еді, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қоя беріңдер, сұрағын бөлмеңдер!», – деді де: «Басыңнан кешкенді тағы бір айтшы», – деп оқиғаны қайталап айтып беруді сұрады. Адам басынан бастап тағы да айтып шықты. Пайғамбарымыз (с.а.у.) да сақалын жас жуғанша жылады. Сосын әлгі адамға: «Алла Тағала жәһилдік, надандық кезінде жасағандарыңның бәрін кешірді», – деді (әд-Дәрими, Сунән).

 Осыншама аяусыздық, осыншама жабайылық, осыншама жыртқыштық осы бізден, мына адамзаттан шығатынына таңғаласың. Жыртқыш екеш жыртқыштың өзі де баласына мейірімді емес пе? Әшейінде небір хайуандардың қалың терісіне кірш етіп кіріп кететін жолбарыстың азуы бір жерден екінші жерге тасыған баласына аялы алақаннан да жұмсақ болады. Бұл оның баласына деген мейірімділігінен еді. Ал адмзат неге аңнан бетер қатыгез болады екен?

Жарайды, бұл өткен кеткен оқиғаларды тарихтың жәһилдік, надандық парақтарынан дейік. Ал қазір не көрінді бізге?

Сол кездің арабтары қызын тірідей көмсе, біз ұл-қыз деп қарамай тірідей жатырымызда буындырып жатыр емеспіз бе?

Сол кездің арабтары бала туған соң, мына жарық дүниені көрген соң, анасының аялы алақанын сезген соң, «жаным» деген жылы сөзін естіген соң көмсе, біз бейшара шақалаққа не мына жарық дүниені көрсетпей, не ананың мейірі мен аялы алақанын сездірмей, ең құрығанда аймалаған жылы сөзге құлақ құрышын да қандырмай құрсағымызда тұншықтырып жатыр емеспіз бе?

Сол кездің надан арабтары баласын көрге бүтіндей көме салса, біз жатқан жылы жерінен  жұлмалап-жұлмалап, бөлшектеп-бөлшектеп, паршалап-паршалап, мүшелеп-мүшелеп өлтіріп жатыр емеспіз бе?

Ендеше нағыз надан кім?

Оларға Ислам келмеді ол кезде. Ал бізге Исламның келгеніне 14 ғасыр болды емес пе?

Олар бұл істерді Құдайды танымай істеді, біз танытып тұрып бұған қалай жол береміз?

Әлде, «үй жоқ, күй жоқ, көп баланы асырай алмаймыз» деп қорқамыз ба? Асырайтын біз бе екен? Он-он бестен бала тапқан аналарымызға жасалған жағдай сіз бен біздің жағдайымыздан жақсы ма еді?

Ырзық ­­­– әр-Раззақ болған Алладан!

«Пақырлық, кедейліктен қорқып балаларыңды өлтірмеңдер! Оларды да, сендерді де біз асыраймыз. Оларды өлтіру үлкен күнә!» (Исра сүресі, 31-аят).

Ендеше надан болмайық!

Наданнан жаман болмайық!

Салтан СайранұлыСалтан Сайранұлы
9 лет назад 6631
1 комментарий
О блоге
0
251713 163 216 2798 119
Прямой эфир